Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздегі мектеп оқушылары мен ата-аналар үшін маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Министр қазіргі білім беру жүйесіндегі ең өзекті мәселелердің бірі оқушыларға түсетін ауыр жүктемені азайту бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Соның ішінде, балалардың уақытын айтарлықтай алатын бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) сағаттарын қысқарту мәселесі ресми түрде қарастырылуда.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бұл қадамның жасалуына мектептердегі оқу жүктемесінің шектен тыс көптігі себеп болған. Қазіргі жағдайда бағдарламаның тығыздығы сондай, кейбір білім ошақтары тіпті сенбі күндері де оқушыларды мектепке шақырып, осы жиынтық бағалау тапсырмаларын орындатуға мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай балалардың тынығу уақытын шектеп, олардың психологиялық және физикалық денсаулығына кері әсерін тигізуде.