Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Атысты тоқтату келісімін бұзды»: Украина мен Ресей бір-біріне ауыр айып тақты

19:12, 10 мамыр 2026

Киев пен Мәскеу арасындағы «атысты тоқтату келісімі» өзара айыптаулармен басталды. АҚШ Президенті Дональд Трамптың араағайындығымен үш күнге жасалған бітімге қарамастан, екі жақ та майдан шебі мен шекаралық аймақтарда шабуылдардың тоқтамағанын мәлімдеді, деп жазады Alash.kz. 

Келісім бойынша тараптар тұтқын алмасуы тиіс болса да, әскери белсенділік бәсеңдемей отыр. Украина Қарулы күштерінің мәліметінше, соңғы тәулікте майдан шебінде 150-ге жуық қақтығыс орын алған. Әсіресе Покровск бағытындағы жағдай күрделі болып қала бермек. Сонымен қатар Украинаның әуе қорғанысы күштері Ресей тарапынан жіберілген 27 дронды атып түсіргенін хабарлады.

Ресей тарапы да Украина әскерін бітім шарттарын бұзды деп айыптады. Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков аймаққа қарасты бірнеше елді мекенге дрон шабуылы жасалғанын хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, Разумное ауылындағы коммерциялық нысанға жасалған шабуылдан 6 адам жараланып, оның ішінде 12 жастағы бала ауруханаға жеткізілген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәскеу мен Киев үш күндік атысты тоқтату және тұтқын алмасу туралы келісімге келген болатын. Алайда майдан даласындағы соңғы жағдайлар бұл келісімнің орындалуына қауіп төндіріп тұр. Қос тарап та әскери іс-қимылдарды бірінші болып қарсы жақ бастағанын алға тартуда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар