Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Атыраудағы трагедия: Ақбаян Мұқанғалиева мен бес баласының тағдыры не болмақ?

15:39, 03 қыркүйек 2026

Ата-анасы мен бауырлары бұрынғы күйеуінің қолынан аяусыз өлім құшып, балаларының әкесі өмір бойына темір торға қамалғаннан кейін тағдыры беймәлім болып келген Ақбаян Мұқанғалиеваның жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақбаян Мұқанғалиева Атыраудағы Психикалық денсаулық орталығында ем қабылдап, жақында ғана бүлдіршіндерімен дидарласқан. Өңірлік Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысы Құндыз Ғиниятованың сөзінше, емдеу курсы аяқталғанымен, Ақбаянның дәрігерлер бақылауында болуы әлі аяқталған жоқ. Ол ауруханаға қайта жатып, емдеуді одан әрі жалғастырмақ.

«Ақбаян балаларымен кездесуге өткен аптада алғаш рет келді. Ал жақында, бір-екі күн бұрын екінші мәрте соғып: "Ауруханаға тағы он күнге жатуым керек" деп айтты. Ол екі рет те жақындарының сүйемелдеуімен, мекеменің жұмыс уақыты аяқталған соң, кешкі сағат 19:30 мен 20:30 шамасында келді», – деді Құндыз Ғиниятова.

Түнгі ауысымдағы тәрбиешілер ана мен балалардың қауышуына тосқауыл қоймаған.

«Анасының келмегеніне біраз уақыт болғандықтан, жүздесуге бірден рұқсат бердік. Бетін қайтаруды жөн көрмедік. Балалар да анасын сағынып, зарыға күтіп жүр еді», – деп толықтырды орталық басшысы.

Бүгінде Ақбаянның 10, 8, 5 және 4 жастағы төрт баласы Бейімдеу орталығының қамқорлығында. Ал ең кенжесі – бір жарым жасар сәби сәбилер үйінде орналасқан. Мамандар екінші емдеу кезеңі аяқталған соң, анасының психикалық жағдайына қайта сараптама жасайды.

«Осы тексерістен кейін оның денсаулығына қайтадан баға беріледі. Егер барлығы қалыпты болса, анасы бүлдіршіндерін өз бауырына қайтара алады», – деп түсіндірді орталық жетекшісі.

Қазіргі уақытта балалардың психологиялық жағдайы мен денсаулығы тұрақты. Оқу жасындағы екі баласы үшін білім ордасынан мұғалімдер арнайы келіп, сабақ беріп жүр.

«Бүлдіршіндердің сабақтан қол үзіп қалмауы және білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында оқыту процесі кестеге сай жүйелі түрде ұйымдастырылған», – деп хабарлады мекеме мамандары.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар