Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Атыраудағы атыс: 23 жастағы фельдшердің өліміне қатысты сотта жаңа деректер белгілі болды

14:22, 12 қазан 2026

Атыраудағы Химпоселок ауданында орын алған түндегі атыс салдарынан 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Азамат Асылбековтің қаза болуына байланысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Қайғылы оқиға бойынша сот алдында 19 айыпталушы жауап беріп жатыр. Сот тергеуі барысында марқұм жас маманның қарулы қақтығыс ортасына қалай тап болғаны және өмірінің соңғы сағаттарындағы жағдайлар анықталды.

Қанды оқиғаның бастау алаңы — «Дина» базары маңындағы «Ляпиза» ресторанында өтіп жатқан той болған. Сондағы екі қонақ арасында шыққан келіспеушілік төбелеске ұласып, оған екі тараптың да таныстары араласқан. Алғашқы қақтығыстан соң тараптар есеп айырысуды басқа жерде жалғастыруға келісіп, телефон арқылы адам жинап, қару іздеуге кіріскен. Сөйтіп, кездесетін орын ретінде Химпоселоктағы Менделеев көшесін таңдайды. Мәліметтерге қарағанда, Жумыскер тарапынан бірнеше көлікпен 16-ға жуық адам, кейін оларға атыс қаруы бар тағы екі танысы қосылған. Қарсы тарап та белсенді дайындалған.

Сол түні, 2025 жылдың 16 тамызында Азамат Асылбеков өзі бұл тойға қатыспаған болатын. Ол кешті жүкті жубайымен бірге концертте өткізіп, кешкі астан соң үйлеріне оралған. Алайда түнгі сағат 01:30 шамасында оған танысы қоңырау шалып, Азамат досына барып келетінін айтып сыртқа шығып кетеді. Келесі күні, 17 тамызға қараған түні Менделеев көшесіндегі қақтығыс кезінде марқұмның көкірегіне оқ тиіп, ол оқиға орнында көз жұмды.

Сотталып жатқан 19 адамға тағылған айыптардың деңгейі әртүрлі:

  • Ауырлататын жағдайларда кисі өлімін ұйымдастыру — 1 адамға;

  • Кісі өліміне көмектесу — 2 адамға;

  • Бұзақылық, атыс қаруын заңсыз айналымға түсіру және өзге де құқық бұзушылықтар — қалған қатысушыларға;

  • Аса ауыр қылмысты жасыру — 1 айыпталушыға тағылып отыр.

Оқиға қатысушыларының сотта берген түсініктемелері бір-біріне қарама-қайшы болғандықтан, атыстың нақты қалай басталғанын және қай айыпталушының ажал оғын атқанын анықтауды сот әлі де жалғастыруда.

Азамат Асылбеков Атырау қалалық жедел медициналық жәрдем станциясында фельдшер болып еңбек еткен әрі қамқорлығында кәрі әжесі болған. Ол 2025 жылдың сәуір айында шаңырақ көтеріп, жары тұңғышын күтіп жүрген еді. Жұбайы түнгі сапардың қайғылы аяқталғанын полиция бөлімшесінде бір-ақ білген. Қайғылы оқиға орын алғанда ол жүктіліктің жетінші айында болған. Бөгде адамдардың жанжалы осылайша еш қатысы жоқ отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, сәби әкесіз дүниеге келді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар