Атырауда жоғалған бүтін бір отбасының «жай-күйін болжаймын» деп, басы дауға қалған хакерге қатысты сот процесі жақын күндері басталады, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазіргі таңда күдіктіге алаяқтықтың 12 эпизоды бойынша айып тағылып отыр.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Түркиядан экстрадицияланған хакер еліміздің ресми дерекқорына қол жеткізе алмаған. Оның елге таратқан мәліметтерінің барлығы құзырлы органдардың қызметтік ақпараты ретінде пайдаланылған дәйектер болып шықты. Сондай-ақ ақпараттың тарап кетуіне кінәлі лауазымды тұлғалар лайықты жазасын алып, жауапқа тартылған.
Осы іске қатысты Ішкі істер министрінің орынбасары ресми пікір білдірді.
«Түркиядан экстрадициямен жеткізілді. Алаяқтық бойынша 12 эпизодпен айып тағылды. Іс сот өндірісінде тұр. Оның қандай да бір дерекқорға қол жеткізу мүмкіндігі болмаған және ол ондай мәліметті пайдалана алмаған», — деді ҚР ІІМ орынбасары Санжар Әділов.