Желіде «Шаңырақ» балалар үйінің қызметкері 15 жастағы баланы ұрып жатқан видео пайда болды. Оқиғаны өңірдегі балалар құқықтары жөніндегі уәкіл зерттеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Кадрларда ер адам жасөспірімнің артынан қуып, оны бірнеше рет басынан ұрып жатқаны көрінеді.
Атырау облысы бойынша балалары құқықтары жөніндегі уәкіл Айжан Сарсенбаева жағдайды анықтау үшін балалар үйіне барды.
Ер адам өз сөзінде бұл мекемеде жүргізуші болып жұмыс істейтінін айтты. Оның айтуынша, ол баланы ұрмаған, тек ойнап жүрген.
Ал балалар үйінің тәрбиеленушісі Сарсенбаеваға ер адамның өзін «фашист» және «Гитлер» деп атағаны үшін осылайша жауап қайтарғанын жеткізді.
Дегенмен омбудсмен полиция шақырды. Оқиғаға қатысты комиссия құрылып, тексеру жүргізілуде.
Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі балалар үйінде болған оқиға бойынша қылмыстық іс тіркелгенін, кешенді тергеу шаралары жүріп жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар, жасөспірімнің енді «Шаңырақта» тұрмайтыны белгілі болды. Ол қазір Жастар үйінде тұрады және студент атанған.