Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Атырау облысында жоғалған отбасы: күйеу балаға іздеу жарияланды

20:31, 08 қаңтар 2026

Атырау облысы Жангелдин ауылында із-түзсіз жоғалып кеткен отбасыға қатысты іс бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды. Тергеу деректеріне сәйкес, төрт ересек адамның қаза болуына 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев негізгі күдікті ретінде танылды, деп жазады Alash.KZ.

Қазіргі уақытта күдіктіге іздеу жарияланды.

Тергеу барысында оның анасы жауапқа тартылған. Ол ұлының қазіргі қайда жүргенінен бейхабар екенін айтқан. Анасының сөзінше, қараша айының басында Сұлтан келінін «емделуге апарамын» деп алып кеткен, содан кейін оларды көрмеген.

Белгілі болғандай, күдіктінің жұбайы Ақбаян күйеуімен бірге үйден шығып, бір жасар баласын үйде қалдырып кеткен.

Туыстарының айтуынша, Сұлтан Сәрсемалиев үйленген, бес баланың әкесі, тұрақты жұмыс орны болмаған. Мінезі тұйық, көпшіл емес, діндар адам ретінде сипатталады. Ресми табысы болмағанымен, ақшасыз жүрмегенін айтады. Жақындарының сөзінше, онымен қарым-қатынас қалыпты болған.

Ал таныстары бұл отбасының өте тұйық өмір салтын ұстанғанын жеткізеді. Олар ешкіммен араласпай, үйден сирек шыққан. Бес баланың анасы көпшілік ортада көрінбеген, тіпті туыстары да оны жиі көрмеген. Бұл жайт айналасындағыларға күдік тудырған. Сонымен қатар, ерлі-зайыптының екеуі де ресми түрде жұмыс істемегені белгілі болды.

Расталмаған ақпараттарға сәйкес, Сұлтан Сәрсемалиевтің қазіргі уақытта Балиде болуы мүмкін деген болжам бар. Сондай-ақ, оның марқұмдарға тиесілі банк карталары мен SIM-карталарды пайдаланғаны жөнінде мәліметтер айтылуда.

Қазіргі таңда аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр, ресми органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар