Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Атырау колониясындағы кісі өлімі: Сот педофилді аяусыз ұрып өлтіргендердің ісін қарап жатыр

10:10, 07 қыркүйек 2026

Атыраудағы №15 мекемеде («66-шы колония») педофилия үшін 25 жылға сотталған 51 жастағы Дабыл Өтегеновтің қаза болуына байланысты сот процесі басталды, деп хабарлайды Alash.kz. 

Айыптау тақтасында онымен бірге жазасын өтеп жатқан бес сотталушы отыр. Бұл істі қарап жатқан судья Зарема Хамидуллина осыдан үш жыл бұрын Өтегеновтің өзіне ауыр қылмысы үшін өкім кескен болатын.

Қанды оқиға 2026 жылдың 22 наурызында орын алған. Тергеу мәліметінше, жанжал кір жуғыш машинаны жөндеуге байланысты кішігірім келіспеушіліктен басталып, арты қайғылы аяқталған.

Жасақта бейресми беделі бар сотталушылардың бірі Өтегеновті жазалау үшін қасына тағы төрт адамды тартқан. Тергеу болжамы бойынша, олар рөлдерді алдын ала бөлісіп, марқұмды бөлек бөлмеге алып келген соң, бейнебақылау камерасын қара бас киіммен жауып тастаған. Осыдан кейін олар Өтегеновті пластик құбырмен, ағаш таяқпен және бұрауышпен (отвертка) аяусыз ұрып-соққан.

Бейнебақылау операторы жабылған камераны байқап, кезекшіге хабар берген. Мекеме қызметкерлері жеткенде Өтегенов еденде жатқан. Бастапқыда медициналық көмектен бас тартқанымен, көп ұзамай жуынатын бөлмеде ес-түссіз табылып, жедел жәрдем келгенше көз жұмды. Сараптама оның алған ауыр жарақаттары өлімге тікелей себеп болғанын растады.

Қазіргі таңда үш сотталушыға «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлімі» (ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлігі) айыбы тағылса, қалған екі сотталушы осы қылмысқа сыбайлас болды деп айыпталуда. Сот бес айыпталушының қылмыстағы үлесін анықтап, түпкілікті үкім шығаратын болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар