Еліміздегі футбол жанкүйерлері арасында қызу талқыға түскен «Ақтөбе» мен «Ордабасы» командаларының тартысты матчы кезінде орын алған келеңсіздікке қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Ойын барысында трибунада жағымсыз мазмұндағы плакатты көтеріп шыққан кәмелетке толмаған қыздардың жеке басы әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде құқық қорғау органдарының назарына іліккен болатын. Тексеру жұмыстары нәтижесінде құзырлы ведомство қызметкерлері оқиғаға қатысушыларды лезде тауып, тиісті шаралар қабылдады.
Ақтөбе қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірімдердің заңсыз әрекетінен кейін олардың ата-аналары жауапқа тартылып отыр. Орын алған жайтқа байланысты полиция қызметкерлері ресми түсініктеме берді:
«Ата-аналарының қатысуымен олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Ата-аналар балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар өз іс-әрекеттерінің дұрыс еместігін түсінді», – деп хабарлады Ақтөбе қалалық полициясы.
Тәртіп сақшылары бұл оқиғаның өскелең ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысы бар екенін қадап айтты. Осы орайда, ведомство өкілдері барлық ата-аналарға үндеу жасап, балаларының бос уақытын қадағалауға, қоғамдық орындардағы жүріс-тұрыс мәдениетін түсіндіруге және заңға қайшы әрекеттердің ауыр салдары болатынын ескертуге шақырды.
Оқиғаның өрбуіне байланысты «Ақтөбе» футбол клубы да шұғыл үн қатты. Клуб басшылығы жанкүйер қыздарды қолдау мақсатында оларға салынған айыппұлды өз мойындарына алып, шығынды толықтай өтейтінін жеткізді. Команданың бұл шешімі мен жанкүйерлерге қатысты ұстанымы клубтың ресми мәлімдемесінде төмендегідей көрсетілді:
«Аруларымызды жалғыз қалдырмаймыз. “Ақтөбе” футбол клубы үшін әр жанкүйердің орны бөлек. Айыппұл алған алты аруымыздың да шығынын “Ақтөбе” футбол клубы толықтай өтеп береді. Қаракөздеріміз қателескен тұсын толықтай түсінді. Алдағы уақытта да командаға қолдау білдіріп, келесі жолы бәрі “ережеге сай” болады деп уәде берді. Жанкүйерлер – біздің мақтанышымыз!», – делінген футбол клубының ресми хабарламасында.