Ақтауда екінші ауысымда білім алатын оқушылардың ата-аналары сабақ кестесінің тым кеш аяқталатынына наразылық білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бүгінде шаһардағы кейбір білім ошақтарында ең соңғы жетінші сабақ кешкі сағат 20:05-те бір-ақ аяқталуда.
Ақтау қалалық білім бөлімінің өкілдері таратқан мәліметке сүйенсек, 2026-2027 оқу жылында шаһар бойынша 36 мемлекеттік орта мектеп жұмыс істейді. Оның 35-інде оқу процесі екі ауысым бойынша ұйымдастырылған. Ал 17-шағынауданда орналасқан №31 мектепте бала санының шамадан тыс көптігінен білім беру үш ауысымда жүргізіліп жатыр. Қаланың өзге мектептерінде үшінші ауысымды енгізу жоспарда жоқ.
Жауапты мекеме кейбір мектептерде екінші ауысымның 20:05-ке дейін созылуын бекітілген оқу жүктемесі мен сабақ кестесінің тығыздығымен түсіндірді.
Десе де, II және III тоқсандарда сабақ ұзақтығы дәстүрлі 45 минуттан 40 минутқа дейін қысқартылмақ. Бұл шешім екінші ауысым оқушыларының сабағын ертерек аяқтап, үйлеріне аман-есен әрі уақытылы жетуін қамтамасыз етуге бағытталған.