Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Асылып тұрғанын көріп, айғайлап, зарлап есімнен танып қалдым»: 7-сынып оқушысының жұмбақ қазасы туралы жақындары бар шындықты айтты

14:47, 04 ақпан 2026

Алматы облысы Жамбыл ауданы Самсы ауылындағы Телтай Сәрсембек атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысының өліміне қатысты марқұмның жақындары кәмелетке толмаған жасөспірімнің суицид жасауына мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушінің тарапынан көрсетілген психологиялық қысым тікелей себеп болды деп айыптап отыр, деп жазады Alash.KZ ұлттық порталы ORDA.KZ порталына сілтеме жасап.

Жасөспірімнің туыстары болған қайғылы жағдайға мектеп психологы мен тәрбие ісі жөніндегі меңгерушінің тарапынан көрсетілген психологиялық қысым тікелей себеп болды деп мәлімдеді.

Марқұмның анасы Мақпал Әміртаеваның айтуынша, Нұрислам көпбалалы отбасында тәрбиеленген, мінезі ақжарқын, өзіне қол жұмсауға бейімділігі болмаған бала. Қайғылы оқиғаға 2025 жылдың 10 қарашасында оқушылар арасында мектептен тыс жерде болған төбелес себеп болған. Амбулаторияда өткен кездесуде екінші тараптың анасы ешқандай арыз-шағымы жоқтығын айтқанымен, мектеп психологы Махаббат Әдепбаева мәселені ушықтырған.

Мақпал Әміртаева бұл туралы:

«Одан кейін бәріміз мектепке бардық. Бірақ психолог балалармен сөйлеспей, терезеге қарап отырды. Ешқандай сұрақ қоймады, қолдау да көрсетпеді. Өзім осы мектепте биология пәнінен сабақ берген соң, балалардан төбелестің себебін сұрадым. Бірақ балам үндемей қалды. Сол жерде Абзалдың анасы да «арыз-шағымым жоқ» деді. Негізі бәрі осымен бітуі керек еді. Бірақ жұрт тарағаннан кейін психолог «бір шара қолдану керек» деп айтты. Мен «онда жасөспірімдер полициясының есебіне қойыңыз» дедім. Ол маған «алдымен балаңды дұрыс тәрбиеле» деп жауап берді. Сол жерде сөзге келіп қалдық», — дейді.

Сондай-ақ анасының айтуынша, психолог зардап шеккен баланың ем-домына 20 мың теңге талап етіп, Әміртаеваның мектепте мұғалім болып істегенін тілге тиек етіп, баласының «есіріп кеткені» туралы ауыр сөздер айтқан. Кейін Нұрислам төбелестің себебі Абзал есімді баланың ауылдағы көліктерден магнитола ұрлауымен байланысты екенін түсіндірген.

11 қараша күні кешкісін тәрбие ісінің меңгерушісі Айдар Чанчаров Нұрисламның үйіне келіп, төбелес бейнежазбасын талап етіп, жасөспірімге анайы сөздермен қысым көрсеткен.

Анасы бұл сәтті былай деп баяндады: 

«Сыртқа шыққанымызда Чанчаров бірден баламның телефонын тексеріп, төбелестің видеосын іздеді. «Ерте тарап кетсе бізге сөгіс болады» деп, балама менің көзімше ұрысты. Сол кезде досына хабарласып, видеоны тез жіберуді сұрады. Видео келген соң мен «енді таратпаса болды, қатты ұрыспай-ақ қойыңыз», - дедім. Бірақ артынша Жанжаров бізбен бірге үйге кіріп, тағы да балама дауысын көтеріп, ұрыса бастады. Менің көзімше ол балама: «Сен сияқтыларды балалар колониясына қамау керек. Ол жерде сен біреуді ұрмақ түгілі, біреудің артынан жуасың» деген сияқты анайы сөздер айтты. Сондай-ақ «ертең бұл видео тараса, ата-анаңды құқығынан айырады» деп қайта-қайта жекіді. Мен балаға ондай сөз айтпаңыз, ол бала ғой десем, ол менімен сөз таластырып кетті. Ақыры қоймаған соң оған үйден шығып кет деп айттым».

Келесі күні Нұрислам үйінің қора-қопсысында асылып қалған. Көршілердің айтуынша, бала мектепке бара жатып полиция қызметкерлерін көргенде, «мені колонияға алып кетуге келді» деп шошып, үйге қарай қашқан болуы мүмкін.

«Балам өзіне қол жұмсайды деген ой мүлде болған жоқ. Сол күні мектепке бармағанын естіп, іздей бастадым. Үйдегілерге хабарлассам, мектепке кетіп қалды деді. Түске дейін іздедік. Үйге келіп, бөлмесіне кірсем, мектеп киімдерін асығыс шешіп, сөмкесін жерге тастап кетіпті. Содан қора-қопсыны аралап жүріп, ет сақтайтын орынға кіріп қалдым. Сонда баламның асылып тұрғанын көріп, айқайлап жіберіп, зарлап, есімнен танып қалдым», – дейді қайғыдан қан жұтқан ана. 

Мектеп директоры Ахмет Иманов өз қызметкерлеріне қатысты айыптарды жоққа шығарды:

«Қысым болғаны жайлы мен келіспеймін, нақтысын тергеу шешеді. Оларды дәл қазір қызметінен ала алмаймын, тергеу біткен соң шешіміне сәйкес әрекет жасаймыз».

Психолог Махаббат Әдепбаева да өз кезегінде:

«Балаға ешқандай психологиялық қысым көрсетпедік, анасы мектепте мұғалім болғандықтан, Мақпалға баламен сөйлес деп айттық. Сол күні мен балаларды бақылап тұрдым, артынша татуластырып жібердік. Мектеп тарабынан ешқандай қысым болған жоқ деп тағы қайталап айтамын», — деп мәлімдеді.

Адвокат Арман Шәріпов істің ҚР ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігі бойынша қозғалғанын, бірақ тергеудің баяу жүріп жатқанын атап өтті:

«Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 105-бабының 3-бөлігі бойынша қозғалды. Дегенмен тергеу толық жүргізілмеген, жәбірленуші мен куәгерлер жауапқа алынбаған. Балаға қысым көрсеткен адамдарға еш шара қолданылмаған, қажетті психикалық және психиатриялық сараптамалар тағайындалмаған. Мұндай сараптама істі дұрыс бағалауда өте маңызды. Егер кінә дәлелденсе, 5–9 жылға дейін бас бостандығынан айыру мүмкіндігі бар».

Алматы облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелгенін және жан-жақты тергеу жүріп жатқанын, басқа мәліметтер жария етуге жатпайтынын хабарлады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар