ҚР Ұлттық музейінде суретші-реставратор, ҚР Суретшілер және Дизайнерлер одақтарының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, музей ісінің үздігі Ерғазы Кеңесұлы Исатаевтың «Ұста мұрасы: дәстүр мен шеберлік» атты жеке көрмесі ашылды, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы. 
Экспозицияның негізін шебердің жеке коллекциясы мен музей қорындағы құнды жәдігерлер құрайды. 

Көрменің шымылдығын түрген Ұлттық музей директоры Берік Әбдіғалиұлы шебердің еңбектері еліміздің бірнеше музейінде сақталғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазақ дәстүрінде «ұста» ұғымы ерекше құрметке ие. 
– «Ұста – кездейсоқ кәсіп емес, ол атадан балаға жалғасатын қасиет. Осы киелі өнерді кәсіпке айналдырып, музей ісімен ұштастырып келе жатқаныңыз үшін сізге алғыс білдіреміз», – деді ол.
Өз кезегінде Ерғазы Исатаев Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінде 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатқанын айтып, осы уақыт ішінде жүзге жуық экспонатты қалпына келтіріп, жаңадан жасағанын жеткізді. Шебердің айтуынша, ол зергерлік өнермен қатар ағаш, темір, сүйек және тері өңдеумен де айналысады.
Экспозицияда XVIII–XIX ғасырлар мен XX ғасырдың басына жататын қазақтың дәстүрлі тұрмыс мәдениетін, батырлық дәстүрін және зергерлік өнерін танытатын 60-қа жуық жәдігер ұсынылған. Олардың қатарында тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, батырлардың қару-жарақтары мен ат әбзелдері бар. Сондай-ақ Талды-2 қорғанынан табылған (б.з.д. VII–VI ғғ.) ат әбзелдерінің реконструкциясы да көрермен назарына ұсынылған. 



Ерғазы Кеңесұлы Исатаев – ұлттық қолөнерді жаңғыртуға елеулі үлес қосып жүрген тәжірибелі шебер, суретші-реставратор. Ол ұзақ жылдар бойы тарихи жәдігерлерді зерттеп, археологиялық деректерге сүйене отырып, көне бұйымдарды ғылыми негізде қайта жаңғыртып келеді. Шебердің еңбектері ұлттық мәдени мұраны сақтауға және оны келер ұрпаққа танытуға бағытталған.
Айта кетейік, көрме 23 сәуірге дейін ашық болады.