Астана қаласында Қазақстан бокс федерациясы Кубогының финалдық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы
Доданың өтуіне ҚР Спорт және туризм министрлігі, Қазақстан Бокс Федерациясы, Астана қаласы әкімдігі мұрындық болды. Қазақстанның әр өңіріндегі топтық кезеңнен Астана қаласы, Шымкент қаласы, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының спортшылары ақтық сынға жолдама алған. Шаршы алаңда 15 түрлі салмақ категориясы бойынша ерлер және әйелдер арасында былғары қолғап шеберлері бақ сынап жатыр.

13-желтоқсанға жоспарланған жартылай финал нәтижесі бойынша командалық есеппен оза шапқан екі аймақтың боксшылары 14-желтоқсанда Қазақстан бокс федерациясы Кубогы үшін қолғап түйістіреді.
Мерей АҚШАЛОВ, ҚБФ Бас хатшысы:
- Қазақстан бокс федерациясы Кубогы биыл қайта басталып отыр. 2010 жылдан бастап, карантинге дейін өткен болатын. Биыл қайтадан жандандырып отырмыз! Бұл жарыстың арқасында облыстық деңгейдегі спортшылар шеберлігін дамытады, тәжірибе алмасады және облыстарда команда жинақтай бастайды. 20 облыстан өңірлік чемпионаттар өтті. Батыстан, Орталық пен Шығыстан, Оңтүстіктен, Солтүстіктен бір-бір команда озып шығып, қазір жартылай финалдық кезең болып жатыр.
Жарыста әр өңірдің боксындағы маңдай алды жұлдыздары өнерлерін ортаға салып отыр.



Қарағанды облысы атынан Бурибаева Гүлназ, Адишова Анита, Ермек Аяжан, Ходжабекова Айжан, Кизатова Жасмин, Тажібек Нұрасыл, Нұрлан Алмаз, Сырымбетов Талғат, Ермек Ерасыл, Асылбеков Райымбек, Синеев Дамир, Думан Нұржан, Нурпейс Иманғали есімді боксшылар сынға түсті. Ал, оларға қарсы тарапта Рахымберді Жансая, Базарова Элина, Кошекова Элаиза, Арапбаева Айдана, Есенгелді Лаура, Нұршаева Мадина, Сүлеймени Тілеуберді, Нұрымбетов Біржан, Серікбай Асылжан, Усманов Нұрлыбек, Пайзилаханов Сардархан, Бердалы Жасұлан, Жолдасхан Азатбек, Асылхан Нұрасыл сынды спортшылар Шымкент қаласының үмітін арқалады.



Командалық жарыста Маңғыстау өңірінен Қажымұқан Айбегім, Абдумежитова Рахмина, Жұмахан Көркем, Таңатар Әсем, Қасымхан Толғанай, Тарасенко Наталья, Садықова Гузаль, Құлжабай Дарын, Жетібаев Самат, Жеңісов Жолдас, Жолмағанбет Сералы, Қадыр Ағажан, Райс Нұрқанат, Әбдіхан Ақжол, Тілекбай Салауат жарыс жолына шықты. Маңғыстаумен бәсекеге түскен елордалықтардың есімдері мынадай: Бактубаева Томирис, Сұлтанқызы Сания, Мархабай Зере, Волосенко Римма, Есимбекова Ақбота, Ибрагимова Мерей, Григориева Рената, Жусупов Асхат, Мұрат Али, Боқан Алдияр, Нүркен Азамат, Әбдреш Нұрқадам, Алиасқаров Бақберген, Мұқатаев Темірлан, Сермаханов Нұрболат.

Жастар категориясынан ересектерге ауысқанына көп бола қоймаған спортшылар арасынан өз салмағында үздік атанғандары аз емес.
Алмаз НҰРЛАН, 18 жаста (55 кг):
- Бүгін Шымкент қаласының боксшысымен бокстастым. Аллаға шүкір, бірінші жекпе-жекте жеңдім. Өте қиын болды. Қарсыласты танимын. Өзіммен құрдас, араласатын жігіт. Бұл - менің ересектер арасындағы үшінші жарысым. Боксқа 5-6 жасымда әкем әкелген. Өзіме осы спорт ұнайды. Бұған дейін 2023 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионы атандым. 2024 жылы жастар арасындағы Спортакиядада жеңімпаз болдым. Әлі алда талай жеңіске жетеріме сенемін!

Кубок үшін командалық жарыста шеберлігін сынға салғандардың ішінде көпшілікке ерекше техникасы мен жарқын жеңістері арқасында танылып үлгерген бокс жұлдыздары да жетерлік.
Элина БАЗАРОВА, 21 жаста (54 кг):
-Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жекпе-жегім жақсы өтті. Жеңгеніме, командама көмектескеніме қуаныштымын! Қарсыласым 54 келіде бірінші рет өнер көрсетті. Оның алдында кішірек салмақта болды. Бір-бірімізді қатты құрметтейміз! Сәлеміміз - түзу. Мен өнер көрсететін Шымкент қаласының құрамасы өте мықты спортшылар алып келді. Алла бұйырса, кубок біздікі болады деген ойдамын. Жастар арасында үш дүркін Қазақстан чемпионы болдым. Азия чемпионатының үш медалін де иелендім. 2022 жылы жастар арасындағы Әлем Чемпионы атандым. Биыл ересектер тобындағы Қазақстан чемпионатында алтын тағынып, Әлем чемпионатына қатыстым. Ол жарыс қиын өтті. Мықты боксшылардың бәрі әлемнің түкпір-түкіпірінен жиналып келді. Ересектер арасындағы Әлем чемпионаты маған үлкен сабақ болды. Енді, жеңісті күндер көп болады деген ойдамын!

Спортшыларды жарыс жолына шығарып, шынықтыратын бапкерлердің еңбегі - зор. Командалық ойында “әр боксшының жеңісі - маңызды” дейді жаттықтырушылар.
Василий ЧЕРНОКОВ, Қарағанды облысының құрамасы жетекшісі, бас бапкер (сұхбат орыс тілінен аударылған):
- Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Барлық облыстың боксшылары сақадай сай дайын келген. Командалық жарыс болғандықтан әр боксшының жеңісі маңызды болды. Жалпы есепте Шымкент қаласының құрамасына есе жіберіп алдық. Ертең, үшінші орын үшін шаршы алаңға шығамыз. Боксшыларым бабында деп санаймын. Құрамамда әлем біріншіліктерінде жүлде алған, ел чемпионаттарында топ жарып жүрген ұл-қыздар бар. Спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткер атағын алып үлгерген бокшылар да біздің құрамада Қарағанды намысын қорғап жатыр.


Жартылай финал нәтижесі бойынша Шымкент және Астана қалаларының құрамалары кубок финалында өнер көрсетеді. Қарағанды және Маңғыстау облыстары қола жүлде үшін жарыс жолына шығады.
Бәсекенің тікелей көрсетілімі Қазақстан Бокс Федерациясының YouTube арнасына жүктелді.