Астанада жыл басынан бері балалардың терезеден құлауына байланысты 63 жағдай тіркелген. Оқиғалардың 14-і қайғылы жағдаймен аяқталды, деп жазады Alash.KZ
Бұл туралы Астана қаласы полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Марат Өмірбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, терезеден құлаған балалардың басым бөлігі 2-4 жас аралығында. Зардап шеккендердің арасында ұлдардың үлесі басым.
Полиция мәліметінше, мұндай оқиғалар көбіне көктем-жаз айларында болады. Әсіресе шілде мен тамызда балалардың терезеден құлау жағдайлары жиілеген.
Марат Өмірбаев ата-аналарды балаларды терезе маңында қараусыз қалдырмауға шақырды. Мамандар терезелерге арнайы блокиратор орнатып, жиһазды терезеге жақын қоймауға кеңес береді.
Сонымен қатар баланың терезе алды мен балконда ойнауына жол бермеу қажет.
Полиция өкілі масаға қарсы торларға қатысты да ескерту жасады. Оның сөзінше, балалардың терезеден құлау жағдайларының әр төртіншісі москит торына байланысты тіркеледі. Себебі мұндай торлар баланың салмағын көтеруге арналмаған.
Қалада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстар да жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлерде 500-ден астам аралау жүргізіп, тұрғындарға 13 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратқан.
Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне шамамен 1700 қауіпсіздік құлпы орнатылған.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында балалар мен ата-аналарға түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, «Қауіпсіз терезе» атты профилактикалық акция төрт рет өткізілген. Ал 4-10 қыркүйек аралығында мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша акция өтіп, шамамен 150 терезеге блокиратор орнатылды.
Айта кетейік, қыркүйек айының басында Семейде бір күннің ішінде екі бала терезеден құлаған. Олардың бірі алған жарақатынан көз жұмған.