Астанада мас күйде бейтаныс әйелді қоғамдық көліктен бастап жұмыс орнына дейін аңдып, одан телефон нөмірін қайта-қайта сұраған азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамауға алынды, деп жазады Alash.kz
Астана сотының хабарлауынша, оқиға 12 қазанда болған. Ер адам қоғамдық орында мас күйде жүрген кезінде бейтаныс әйелге тиісіп, оның соңынан ерген. Ол әйелді қоғамдық көліктен түскен сәтінен бастап жұмыс орнына дейін бақылап, бірнеше рет телефон нөмірін беруді талап еткен. Мұндай әрекеттері арқылы әйелдің тыныштығын бұзған.
Сотта жауап берген азамат өз кінәсін мойындады. Істегі құқық бұзушылық жәбірленушінің арызымен, бейнежазбалармен және басқа да материалдармен дәлелденді.
Сот ер адамның әрекетін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігіне сәйкес ұсақ бұзақылық деп бағалады.
Жаза белгілеу кезінде сот құқық бұзушылықтың мән-жайын, азаматтың мас күйде болғанын, әйелдің соңынан ұзақ уақыт бойы қалмай ергенін және оның жеке кеңістігіне қол сұққанын ескерді. Нәтижесінде ер адамға 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.