Ұшаққа музыкалық аспап алып кіретін жандарға қатысты көлік министрі Марат Қарабаев пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Министр аспаптың болатынын алдын-ала ескерту керек екенін айтты.
"Менің қасымда музыкалық аспап болады деп алдын-ала айтса, оған тиісті мүмкіндік қарастырылады. Кейбір кездері ұшақ қандай болады? Bombardier немесе тіпті кішкентай ұшақ болуы мүмкін. Онда жолаушы (музыкалық аспапты) қолына ұстап отырмайды ғой, ол қауіпсіздікке сәйкес келмейді, ал үстіндегі жүк қоятын жерге кейбір құралдар сыймайды. Сондықтан жол жүретін кісі алдын-ала айтуы керек қой. Компанияға хабарласып немесе билет алып жатқан "қасымда осындай музыкалық аспап болады, оның параметрі былай" деп айтып ескертуі керек. Егер мүмкіндік болатын болса, онда қояды, ал оны қоюға мүмкіндік болмаса, онда "қасыңыздан тағы бір орын алыңыз" деп айтады. Мәселе осында", - деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Марат Қарабаев мұндай жағдайда қауіпсіздік ең бірінші кезекте екенін баса айтты.
"Билет алған уақытта алдын-ала айту керек, сонда ешқандай мәселе туындамайды. Ешкім алдын-ала ештеңе айтпайды да, одан соң видеоға түсіреді", - деді Көлік министрі.