Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету" - Жаңа қорғаныс министрі армияда қандай өзгерістер жасайтынын айтты

21:51, 28 қыркүйек 2026

Қазақстанның жаңа қорғаныс министрі, генерал-майор Айдос Мырзахметов ведомствоның басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Қарулы күштерді дамыту және реформалау бойынша алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер талқыланды,и деп жазады Alash.KZ.

Министрдің айтуынша, басты назар әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, әскери дайындықтың сапасын көтеруге және қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғыртуға аударылады.

Сонымен бірге, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық және жауынгерлік рухын нығайту мәселесіне басымдық берілмек. Командирлерге әскери ұжымдардағы тәрбие жұмысының тиімділігін арттыру, жеке құрамның қызмет жағдайын жақсарту тапсырылды.

Әскери қызмет қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылмақ. Атап айтқанда, жарғыдан тыс қарым-қатынастардың алдын алу және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі.

Әскери дайындық тәсілдері:

Айдос Мырзахметов әскери қызметшілерді даярлау жүйесін қайта қарау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, оқу-жаттығу бағдарламалары қазіргі заманғы соғыс жүргізу тәжірибесіне барынша жақын болуы керек.

Бұл ретте заманауи қарулы қақтығыстардың тәжірибесін талдау, практикалық дайындықты күшейту, ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау және байланыс технологияларын қолдану тәсілдеріне назар аударылады.

Армияны басқару жүйесі:

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, реформаның тағы бір бағыты – әскерді басқару жүйесін жетілдіру.

Бұл бағытта басқару процестерін одан әрі цифрландыру, артық әкімшілік рәсімдерді қысқарту және практикалық маңызы төмен есептер мен кеңестерді азайту көзделіп отыр.

Министрдің ұстанымынша, босатылған ресурстар әскери бөлімдердің нақты қажеттіліктеріне және Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға жұмсалуы тиіс.

Материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру де жалғаспақ. Әскери техника мен қажетті ресурстарды сатып алу кезінде әскердің нақты қажеттілігі мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттары ескеріледі.

Бұдан бөлек, Мырзахметов бюджет қаражатын тиімді пайдалануды және негізсіз шығындарға жол бермеуді тапсырды.

«Армия есеп пен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуға тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек», – деді қорғаныс министрі.

Айта кетейік, Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін Дәурен Қосанов қорғаныс министрі қызметінен босатылған еді. Оның орнына генерал-майор Айдос Мырзахметов тағайындалды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар