Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ашық ми жарақаты, бұғанасы мен қабырғалары сынған»: Атырауда сталкинг құрбанына күтпеген үкім шықты (ВИДЕО)

21:04, 08 шілде 2026

Атырауда әлеуметтік желіде бір жыл бойы қызу талқыланып, қорғаушылар тарапынан «еліміздегі ең үлкен қуғындау (сталкинг) дерегі» деп бағаланған полиция қызметкеріне қатысты атышулы қылмыстық іске нүкте қойылып, сот шешімімен жәбір көрдім деген 23 жастағы Сымбат Таңатарованың өзі айыпты деп танылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Оқиға бұрынғы ғашықтардың арасындағы қарым-қатынастан басталған. Оқу орнында танысып, кейін екеуі де ішкі істер органдарына жұмысқа орналасқан Сымбат Таңатарова мен Қанат Ершанның жолдары айырылған соң, ер адам бұл жағдаймен мүлдем келіскісі келмеген. Ол бойжеткеннің соңынан қалмай, үнемі кездесуді талап етіп, қызғаныштан WhatsApp желісінде түрлі балағат сөздер жазған, тіпті байланысты үзсең «өзіме қол жұмсаймын» деп қорқытып келген.

Оқиға шиеленіскен 15 сәуір күні Қанат Атырау қаласына арнайы ұшып келіп, күндіз бойжеткенмен қатты ұрысады, ал кешке таман оның үйіне баса-көктеп келіп, сыртқа шығуын талап етеді. Үйде кішкентай баланың бар екеніне қарамастан, ол дауыс көтеріп, айғайлап, терезелерді ұрғылаған. Қатты қорыққан жас ана көршісінен көмек сұрағанымен, ол араласудан бас тартады. Амалы таусылған қыз өзінің «Hyundai Elantra» маркалы көлігіне отырып, ішінен құлыптап үлгергенде, Қанат есік тұтқаларын жұлмалап, көлік қозғала бастаған сәтте капоттың үстіне қарғып мінеді. Бойжеткен қауіпті баласынан аулақ әкету мақсатында көлікті тоқтатпай жүре берген.

Алайда, бірнеше орамнан өткен соң бұрылыста ер адам асфальтқа ұшып түсіп, қатты соққыдан ашық ми жарақатын алады, сондай-ақ оның бас сүйегі, бұғанасы және қабырғалары сынып, денесінде көптеген жыртылған жарақаттар пайда болады. Ұзақ уақыт комада жатқан Қанат есін тек ауруханада жиған. Адвокаттар жас ананың ешкімге қасақана зиян тигізгісі келмегенін және бұл жағдайға ер адамның айлар бойы жасаған қуғындауы себеп болғанын алға тартқанымен, сот бұл уәждерді қабылдамады. Үкімде бойжеткеннің адамды капот үстінде көре тұра қозғалысты жалғастырғаны қателік ретінде көрсетіліп, бұл әрекет «абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру» деп сараланды.

Осылайша, Сымбат Таңатарова Қылмыстық кодекстің 114-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған алты айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Бірақ ол Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілігіп, жазадан толық босатылды. Бұған қоса, сот оны Қанат Ершанның пайдасына 1 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді, ал қорғаушылар тобы көтерген қуғындау әрекеттеріне құқықтық баға берілмей, ол мәселе сот шешімінде мүлдем қаралмай қалды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар