«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына үміткер Айжан Аймағанова желідегі парақшасында жазба жариялап, әйелдердің қоғамдағы рөлі туралы пікір білдірді, деп жазады Alash.kz.
Ол соңғы уақытта әлеуметтік желілерде әйелдерді кемсітетін, сондай-ақ ерлер мен әйелдерді бір-біріне қарсы қоюға бағытталған пікірлердің жиілегеніне алаңдаушылық білдіріп, мұндай көзқарастарға бейжай қарай алмайтынын айтты.
«Үнсіз қала алмаймын. Соңғы күндері әлеуметтік желілерде әйелдерді кемсітуге, ерлер мен әйелдерді бір-біріне қарсы қоюға үндейтін пікірлер қызу талқыланып жатыр. Бұл мені бейжай қалдырмады.
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қариннің Қазақстан үшін ең басты бағдар – Қазақстан Республикасының Конституциясы деген ұстанымын толық қолдаймын.
Қазақстан – демократиялық, зайырлы әрі құқықтық мемлекет. Ар-ождан және діни сенім бостандығы – әр адамның негізгі құқықтарының бірі.
Әйел – тек ана, қыз немесе әпке-қарындас қана емес. Ол – дәрігер, ұстаз, ғалым, кәсіпкер, әскери қызметші, мемлекеттік қызметші. Ол бала тәрбиелейді, отбасының берекесін қалыптастырады, экономиканың дамуына үлес қосады, мемлекетке қызмет етеді және ер азаматтармен бірге еліміздің болашағына ортақ жауапкершілік арқалайды.
Сондықтан әйелге деген құрмет – белгілі бір көзқарастың немесе дәстүрдің мәселесі емес. Бұл – адамға деген құрметтің көрінісі. Ал адамға құрмет көрсету – Конституциямыздың негізгі қағидаттарының бірі.
Прокуратура органдарында ұзақ жылдар қызмет еткен адам ретінде әйелдің қадір-қасиетін төмендетудің қандай ауыр зардаптарға әкелетінін жақсы білемін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық көбіне соққыдан басталмайды. Ол сөзден басталады. Әйелді ер адамнан төмен санаудан, оның пікірін елемеуден, оны қорлауға немесе өзіне бағындыруға болады деген қате түсініктен басталады. Сондықтан мұндай пікірлерге дер кезінде нақты әрі принципті баға беру аса маңызды.
Әрқайсымыздың көзқарасымыз әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ бәрімізді біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Олар – Конституцияға, заңға және адам қадір-қасиетіне деген құрмет.
Осы құндылықтар баршамыз үшін ортақ бағдар болып қала бергенде ғана Қазақстан қуатты, заманауи әрі әділетті мемлекет болып қала береді»,- деп жазды Айжан Аймағанова.