Конго Демократиялық Республикасының шығысында орналасқан ірі кен орнында болған опырылу салдарынан кемі 200 адам қаза тапты. Бұл туралы The Associated Press агенттігі хабарлады, деп жазды Alash.kz ұлттық порталы.
Мәліметке сәйкес, көшкін жергілікті М23 қарулы тобы бақылауындағы бірнеше шахтада болған. Ресми деректерде апаттың негізгі себебі нөсер жауын-шашын ретінде көрсетіліп отыр.
Аталған кен орнында бұрын жұмыс істеген шахтердің айтуынша, мұндай опырылулар бұған дейін де бірнеше рет тіркелген. Оның сөзінше, шахтадағы туннельдер қолмен қазылған және тиісті деңгейде күтіп-бапталмаған.
Шығыс Конго ондаған жылдар бойы дағдарыс жағдайында өмір сүріп келеді. Елдегі ұзаққа созылған қарулы қақтығыстар әлемдегі ең ірі гуманитарлық дағдарыстардың біріне әкеп соққан. CNN дерегінше, бүгінде 7 миллионнан астам адам туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Сондай-ақ, 2025 жылдың желтоқсан айынан бері ел ішінде 300 мыңнан астам тұрғын баспанасын тастап, босқынға айналғаны хабарланды.
Опырылу болған кен орны пайдалы қазбаларға бай аймақта орналасқан. Бұл өңірді 2024 жылдың мамыр айында Руанда қолдау көрсететін М23 қарулы тобы басып алған.