Арыстағы әскери бөлімнің техникалық аумағында орын алған өрт кезінде оқ-дәрі фрагменті жарылды, деп хабарлайды Alash.kz.
19 тамыз күні сағат 19:00 шамасында Арыс гарнизонында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде құрғақ шөп жанған. Шымкент гарнизоны баспасөз қызметінің хабарлауынша, тілсіз жауды ауыздықтау барысында оқ-дәрі бөлшегі жарылған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер мен бүлінген нысандар тіркелген жоқ.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері: «Жағдай толықтай бақылауға алынды. Өрт ошағы оқшауланып, қазіргі уақытта оқиға орнында профильді қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардан әлеуметтік желілерде тарап жатқан тексерілмеген қауесеттерге сенбеуді және тек ресми ақпаратқа сүйенуді сұраймыз», - деп мәлімдеді.
Айта кетейік, 2019 жылдың 24 маусымында Арыс қаласында болған оқ-дәрілердің жарылысы еліміздегі ең ірі техногендік апаттардың бірі ретінде тіркелген еді. Сұрапыл трагедия 4 адамның өмірін қиып, сегіз мыңға жуық тұрғын үйді зақымдады, сондай-ақ шаһар халқын толықтай эвакуациялауға мәжбүр етті.