Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Артында төрт бала қалды: Қызды құтқарып ерлік танытқан полицей туралы тың ақпарат шықты

11:39, 14 қаңтар 2025 588

Алматыдағы мейрамханада әйелге араша түсемін деп қаза тапқан полицейдің артында төрт баласы қалды,деп хабарлайды Alash.kz КТК  телеарнасына сілтеме жасап.

Қанды қылмыс қаладағы танымал мейрамханалардың бірінде түнгі уақытта болған. Бақылау камерасына жазылған кадрлардан Нұрсұлтан Несіпбаев бейтаныс әйелді қалай қорғауға тырысқанын көруге болады. Аяусыз соққылап жатқан ер адамға ескерту жасап, сыртқа шығып кетеді. Сөйтіп араларында жанжал туындап, арты полицейдің өлімімен аяқталды.

"Қазақтың қызын қорғаймын деп өмірі қыршынынан қиылды. Жолдасыммен көретін жақсылығымыз әлі алда еді ғой. Мына бала-шағаны өсіреміз деген мақсатымыз бар еді. Көптеген жақсылық болады деген мақсатымыз бар еді. Енді өкінішті, жастайынан өмірі қиылды..." - деді марқұмның әйелі Бақыт Жетіген.

31 жастағы полицей мейрамханада жұмыстан тыс уақытта жүріпті. Іш құрылысы мен жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған азамат ауруханаға жеткізіле салысымен көз жұмған. Оны жоқтап, артында әйелі мен екі ұлы, екі қызы қалды.

"Жолдастарының алдында абыройлы, бауырмал, ағайынның ортасында қамқоршымыз еді, балам. Көп арқа сүйейтін едім балама. Қазақтың қызын қорғаймын деп өзінің өмірін қиып, артта аңыратып мені қалдырды. Төрт баласымен, келіншегімен. Мен баламды мақтан тұтамын", - деді марқұмның анасы Рая Жақанова.

Нұрсұлтан Несіпбаев он жылдан бері ішкі істер саласында қызмет атқарған. Қара жамылған отбасы оның арманы көп еді деп қайғырады. Әріптестері де ер адамның жұмысқа адал, жанашыр азамат болғанын айтып отыр.

"Мен Нұрсұлтанды 2017 жылдан бастап танимын. Екеуміз жұмысты бірге бастағанбыз. Нағыз жедел уәкіл деп айтсам болады. Жұмысына адал, берік болатын. Әрдайым адамдарға көмектесіп жүретін және де өте ашық жігіт болатын", - деді Медеу ауданы ПБ аға жедел уәкілі Бағдат Құрамысов. 

Қанды қылмыс жасады деген күдікті қолға түсіп, қамауға алынды. Полицияның айтуынша, ол Өзбекстан азаматы екен.

"Қатарлас қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкері жұмыста емес еді. Қылмыстық істің басқа да мән-жайы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының талаптарына сай жария етілмейді", - деді Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі.

Марқұмның жақындары күдікті әділ жазалануын сұрайды. Ал оқиға болған мейрамхана иесі тілшілерге жауап беруден бас тартты. Сондықтан күдіктінің мекемеде суық қарумен қалай емін-еркін жүргені, қауіпсіздік қызметі қайда қараған деген сауалдар басы ашық күйінде. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар