Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Артында екі баласы қалды». Қайғылы жағдай: Талдықорғандық әйелді автобус қағып өлтірді

15:09, 17 мамыр 2026

Талдықорған қаласында жолаушылар автобусы жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан әйелді қағып кетті. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан зардап шегуші оқиға орнында тіл тартпай кеткен, деп жазады Alash.kz. 

Желі қолданушыларының мәліметінше, марқұмның артында екі кішкентай баласы жетім қалды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, құзырлы органдар тергеу амалдарын бастады.

Құқық қорғау органдары таратқан мәліметке сүйенсек, Isuzu маркалы қоғамдық көліктің жүргізушісі Назарбаев көшесінің бойымен қозғалып бара жатып, бағдаршам орнатылмаған жаяу жүргіншілер жолағындағы адамды байқамай қалған. Соққының қатты болғаны соншалық, дәрігерлер зардап шегушінің өмірін арашалап үлгере алмады.

Қайғылы жол-көлік оқиғасына себепкер болған қоғамдық көлік жүргізушісі бірден құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал оның басқаруында болған жолаушылар автобусы арнайы айып тұрағына жеткізілді.

Полиция департаменті оқиғаның мән-жайы мен себептерін нақты анықтау үшін барлық қажетті сараптамаларды тағайындады. Тергеу барысы Жетісу облыстық полициясының жіті бақылауына алынып, істің толық ақ-қарасы алдағы уақытта ресми түрде жарияланатын болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар