Жамбыл облысында перзентханаға түскен жас келіншектің қазасы тіркелді, деп жазады Alash.kz.
Марқұм Салтанат Нышанбайдың жақындары медициналық мекеме қызметкерлерінің әрекетінде заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеді. Салтанат Нышанбайдың өткен жылдың қараша айында тиісті есепке тұру мақсатында емханаға екі мәрте барғаны белгілі болды. Алайда медицина мамандары оның жеке кәсіпкер екенін негізге алып, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша 40 мың теңге көлеміндегі берешегін төлеуді талап еткен. Тіпті аталған соманың төленбегені туралы тиісті қолхат толтырылған. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамалық нормаларға сәйкес, жүкті әйелдер, босанатын аналар және ерекше тәуекел тобындағы тұлғалар сақтандыру мәртебесіне қарамастан қажетті медициналық көмекпен толық қамтылуы тиіс екендігі ескерілмеген.
Есепке алынбаған келіншектің денсаулық жағдайы кейіннен нашарлап, денесінде ісік нышандары байқалған. Ауруханаға жеткізілген соң дәрігерлер оны кесарь тілігі әдісімен босандырып алған. Алайда босанғаннан кейін бір апта өткенде науқастың жағдайы күрт төмендеп, ол ес-түссіз күйде комаға түскен. Бір айға созылған емдеу шаралары нәтиже бермей, Салтанат Нышанбай қайтыс болды.
Қайғылы жағдайдың салдарынан марқұмның артында бес жасар қызы мен бір айлық нәрестесі қалды. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша тиісті органдар тарапынан тексеру жұмыстары жүргізілуде.