Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров желіде тараған өмірбаянына қатысты ақпаратты түсіндірді. Ол өзінің Назарбаевтар отбасының күзетшісі болғаны және бір жылда екі диплом алғаны туралы әңгімелер шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды Alash.kz
Журналисттің «Назарбаевтар отбасының күзетшісі болып істедіңіз бе?» деген тікелей сұрағына Назаров қысқа қайырды:
«Мен бұл сұраққа жүз рет жауап бердім. Бұл – жалған», – деді ол.
Сондай-ақ депутат интернетте тарап жүрген бір жылда екі диплом алғаны туралы пікірлерге тоқталды:
«Қаласа, тексере берсін – прокуратурада болсын, басқа органдарда болсын. Мен алдымен колледж бітірдім, содан кейін бакалавр дәрежесін алдым. Одан соң заң факультетін, кейін экономика мамандығын әртүрлі жылдары тәмамдадым», – деді ол.
Назаровтың айтуынша, ол 2009 жылы Қазақ қатынас жолдары университетінде бакалавриатты, 2011 жылы сол оқу орнында «Экономика» мамандығы бойынша магистратураны аяқтаған. Сол жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Құқықтану» мамандығы бойынша да білім алған.
«Яғни, бакалавриат – 2009 жылы, магистратура – 2011 жылы, сонымен қатар қатарлас заңгерлік білім алдым», – деп түсіндірді ол.
Жалған ақпарат таратқандарға қарсы сотқа шағымдану жоспары туралы сұраққа Назаров:
«Жоқ, болмайды. Маған ол қажет емес. Өзгенің ісіне мұрын тыға беретіндер – тыға берсін», – деп жауап берді.
Еске салсақ, әлеуметтік желіде журналист Гүлбану Әбенова депутат Ардақ Назаровтың бір жылда екі диплом алғанын анықтағанын жазған болатын. Ол мұны мысқылдап «ғалым» деп атап, екі жоғары оқу орнын бір мезгілде аяқтау мүмкін еместігін меңзеген еді.
Тағы оқыңыздар:
"Анасын сыйлай алмайтындар...": Ардақ Назаров өзін сынағандарға жауап берді (ВИДЕО)
Қуат Хамитов: «Парламентте нақты жұмыс істейтіндер ғана қалуы керек»