Армысыз, оқырман! Бүгін біз тарихтың куәгері ғана емес, тарихи оқиғалардың «дауасы» болып, ұлт саулығының ұясына айналған Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық госпиталінің директоры Гаухар Тазабекқызымен сұхбат құрамыз.

сурет: Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінің директоры Г. Тазабекқызы
- Армысыз, Гаухар Тазабекқызы. Өткен жылдың жеңісті де жемісті жыл болғанын көріп отырмыз. Барша ардагердің алтын ұясына айналған госпитальдің қандай ересен жетістіктері есте қалды?
- Cәлеметсіздер ме! Дұрыс айтасыз. Былтырғы жыл біз үшін жеңісті де жемісті жыл болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша госпитальдің тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлық бөлімдерінде 4 681 ардагер ем қабылдады.
Ем қабылдаған науқастардың негізгі бөлігін Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысы мен Қарабақ майдангерлері, Семей полигонында зардап шеккендер, еңбек ардагерлері және оларға теңестірілген азаматтар құрады. Бұл көрсеткіш госпиталь қызметінің әлеуметтік маңызын және ардагерлерге медициналық көмекті басым бағыт ретінде қарастыратынын көрсетеді.
Терапия бөлімінде 2 263 адам, Неврология бөлімінде 1 922 адам, Медициналық оңалту бөлімінде 496 науқас сауығып, тыңайып шықты. Күндізгі стационар жағдайында 225 емделушіге медициналық қызмет көрсетілді.
Госпиталь ұжымы ардагерлердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға, созылмалы аурулардың асқынуын алдын алуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді диагностикалық, емдік және оңалту шараларын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
- “Шалқар” радиосында болған сұхбатты өзім тыңдадым. Тікелей эфирде тараған радиохабарға толассыз хабарласып, хат жолдап жатқан ардагер көп болды. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
- “Шалқар” радиосындағы эфир – госпиталь қызметін кеңінен таныстыруға мүмкіндік беретін алаңдардың бірі. Эфир барысында мекеменің тарихы, даму бағыттары нақтыланды, көрсетілетін қызмет түрлері, дәрігерлердің кәсіби әлеуеті жайлы айтылды. Тыңдармандар тарапынан келген жылы лебіз бен нақты сұрақтар дәрігерлерге үлкен серпін береді. Эфирдегі ықыластың өзі біздің кәсіби жұмысымызға берілген жоғары баға деп білемін. Ардагерлердің алғысын арқалағанның өзі бір бақыт.
- Ардагер деп жатырсыз. Биыл госпитальде Жеңіс күні, Ауған соғысы, Чернобыль ардагерлерінің күні қалай аталып өтті?
- Ауған соғысы – тарихымыздағы күрделі кезеңдердің бірі. Бұл соғысқа Қазақстаннан 22 мың азамат қатысып, жүздеген боздақ опат болды. Госпитальде өткен іс-шараның мақсаты – майдангерлерге құрмет көрсету, олардың рухын көтеру, жас ұрпаққа тағылым беру. Студенттердің, өнер адамдарының, сондай-ақ өз қызметкерлеріміздің өнер көрсетуі ардагерлерге ерекше әсер сыйлады. Кейбір ардагерлер өздері ән салып, естеліктерімен бөлісті, бұл олардың өмірге деген құлшынысын арттырды.
Жеңіс күні де – баршамыз үшін қасиетті мереке. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің студенттері өз өнерін ортаға салды, ардагерлердің көзіне жас үйірілді. Госпиталіміздегі талантты қыз-жігіттер отты жыр оқып, асқақ рухта ән шырқады. Сонымен қатар госпиталь дәрігерлері Алматы қаласындағы соғыс ардагерлерінің шаңырағына барып, денсаулығын тексеріп, сыйлықтар табыстады. Былтырғы статистикаға сәйкес, қала бойынша қазіргі таңда 22 ардагер тұрады, олардың әрқайсысы құрметке лайық.
- Бір байқағаным Отан соғысы ардагерлеріне арналған госпиталь ұлттық салт-cанаға да берік. Әз-Наурыз, Амал күні де ерекше форматта мерекеленіп жатады. Бұл жайында не айтар едіңіз?
- Амал күні – көне дәстүріміздің бірі, адамдар бір-бірінің амандығын сұрап, ізгі тілектерін білдіреді. Наурыз - Ұлыстың ұлы күні, ұлық мейрамымыз. Госпиталь ұжымы көктемнің шуақты күнінде халық дәстүрін дәріптеп, мерекелік іс-шара ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Береке-бірлігі жарасқан ұжым әрбір қызметкер мен ардагердің амандық-саулығын тіледі, көңіл-күйлерін көтерді.
- Берекелі ұжымның ұйытқысы болып отырған госпиталь қызметкерлеріне ардагерлер тарапынан алғыстар айтылып жата ма?
- Иә, қызметкерлеріне деген аппақ ниеттен туған алғыс көп.
Мәселен, Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінің “Жүйке жүйесін емдеу” бағытында (неврология) ем алып жатқан ардагеріміз, құрметті зейнеткер Сайлаухан Жұладіл аналық ақ тілегін айтып, бата серді. Госпиталіміздің “Терапия” бөлімінде ем алып жатқан ардақты ардагер, Алатау ауданы әжелері - “Кимешек” бірлестігінің мүшесі Орақбаева Қайша әжеміз барша Қазақстан халқына Республика күнінде құтты болсын айтып, ізгі тілегін арнады.
Семей полигонында болған ардагеріміз Ешбаев Бағдат Қалиайдарұлы госпиталь ұжымына көрсеткен алғыс айтып, кәсіби тұрғыдан көрсеткен қамқорлығы пен жылы ықыласына өз ризашылығын білдірді. Медициналық қызметкерлердің жауапкершілігі мен сол мейірімін жеткізіп, сауығып кетуіне ерекше серпін беріп отырғанын атады. Ондый жарқын мысалдарымыз өте көп.
Міне, осындай ғажап жандардың, дарынды, зерделі жандардың алғысына бөленіп жатамыз.
- Керемет! Ал осы госпитальде экологиялық іс-шараларға қатысқан кездеріңіз болды ма?
- Иә, госпиталь қызметкерлері аулада қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызды. Арша ағаштарының жас көшеттері таяу жылдарда мәуелі бәйтерекке айналып, көпке сая боларына сенеміз. Мұндай шағын әрекеттер қаламыздың көркеюіне, жасыл желектің жайқалуына үлес қосады.
- Медицина қызметкерлері күні қалай аталып өтті?
- Госпитальде жыл сайын медицина қызметкерлері күні салтанатты түрде мерекеленді. Кәсіби шеберлігі мен көпжылдық еңбегі үшін бірқатар маман жоғары марапаттар мен алғыс хаттар алды.
- Былтырғы іс-шаралардың арасында Қазақ тілін дамыту бойынша жиын өткенін білеміз.
- Иә. Госпитальде «Медицина мекемелерінде қазақ тілін үйрету мәселесі» атты алқасөз өтті. Мұндай алқасөздерде мемлекеттік тілдің дамуына қатысты келелі кеңестер көп айтылады. Сондықтан ұжым болып талқылап, артығы мен кем-кетігін саралап отырамыз.
- Биыл госпитальде Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы болғаны белгілі. Ұлы ақынымыздың мерейтойына госпиталь ұжымы үн қатты ма?
- Әлбетте! Биыл біз Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абай мұрасы – Алаштың алтын темірқазығы» атты көркемсөз-өнер байқауын өткіздік.
«Ақыл-ой ақындықтың киесі – Абай!
Түгел сөздің түбі бір жүйесі – Абай!
Адалдық, ар ұяттың данышпаны
«Өлең-сөздің патшасы» иесі – Абай!» - дейді ғой.
Абай – дана, дара тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. Оның әр сөзі өнеге мен өсиетке толы, ой-танымды байытып, рухани қуат береді. Біз байқау барысында ұжымды Абай әлемін тануға, оның мұрасын насихаттауға тарттық.
Байқауда үш номинация бойынша үздіктер анықталды:
Үздік көркемсөз – Абай өлеңдерін жатқа оқу;
Үздік Абай әндерін орындаушы – Абай әндерін шырқау;
Үздік Абай ізбасары – Абайға арналған арнау.
Жүлделі орын алған ардагерлеріміз, медицина қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен жас өнерпаздар тегіс марапатталды.
Іс-шара соңында Абай әлемін зерттеу, оның ой-тұжырымдары мен рухани өнегесін талқылау үшін қатысушылар пікір алмасты.
- Тәуелсіздік күні ше?
- «Ардагерлер тәлімі мен тарих тағылымы: Тәуелсіздік – Ұлт биігі» атты кездесу ұйымдастырылды. Ардагерлер тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен ұлттық бірегейліктің нығаюы жөнінде ойларын білдірді. Ел тәуелсіздігінің тарихы, қиындықтар мен жетістіктері баяндалды. Ауған және Чернобыль ардагерлері тәуелсіздікке деген толғанысын жеткізді. Сонымен қатар, госпиталь дәрігерлері мен мейірбикелеріне денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін медальдар табысталды.
Cондай-ақ госпитальдің медициналық қызметкерлері келесі мемлекеттік және ведомстволық наградамен наградталған: "Халық Алғысы" - 2 адам, "Шапағат" - 2 адам, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» - 18 адам, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» - 13 адам, «Еңбек ардагері» - 2 адам.
- Көп рақмет! Енді түйін сұраққа көшсек. Госпиталь бағыт-бағдарын айқындау жайлы не айтар едіңіз?
- Былтырғы жыл біз үшін мазмұнды әрі жауапты кезең болды. Госпиталь ұжымы ардагерлерге сапалы медициналық көмек көрсету, оңалту қызметтерін жетілдіру, рухани қолдау бағытында жүйелі жұмыс атқарды. Материалдық-техникалық базаны нығайту, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, профилактикалық және оңалту шараларын күшейту – басты басымдықтарымыздың бірі болды. Осы жоспар жетегінде биыл да бірқатар келелі, сапалы іс атқарамыз деп мақсат етіп отырмыз.
Госпиталь тек емдеу мекемесі ғана емес, рухани ортаға айналып келеді. Біз әр ардагерге қамқорлық көрсетіп, қоғаммен ашық байланыс орнатуға ерекше мән береміз.
Госпитальде бассейн терапиясы, иглорефлексотерапия (акупунктура), тұз шахталары, балшықпен емдеу, минералды ванналар және кәсіби массаж сынды бірқатар арнайы емдеу әдістері бар. Бұл қызметтер пациенттердің қалпына келу процесін күшейтуге бағытталған. Госпитальде тегін және ақылы ем қабылдау түрлері қарастырылған. Барша ардагерімізге құшағымыз ашық, ардагерлеріміздің ақ батасын алып, алғысын арқалауды қашан да абырой санаймыз. Жыл берекелі болсын!
- Арнайы cұхбат беріп, мақсат-мұраттарыңызды талқыға салғаныңызға көп рақмет! Толайым табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан журналист
Дастан ҚАСТАЙ