Қазақстанда алкоголь тұтыну мәдениеті қоғам өмірінің бір бөлігіне айналғанымен, оның әлеуметтік және экономикалық салдары алаңдаушылық туғызып отыр. Сарапшылардың айтуынша, ішімдік денсаулыққа ғана емес, отбасылық тұрақтылыққа, қылмыс деңгейіне және жол қауіпсіздігіне де әсер етеді, деп жазды Alash.kz.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, елде соңғы жылдары ажырасу саны артып келеді. Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылық, алкоголизм, нашақорлық және құмар ойындарға тәуелділік отбасылардың ыдырауына әсер ететін негізгі факторлардың бірі екенін айтады. Алкоголь бұл мәселелердің ушығуына жиі себеп болады.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, ауыр қылмыстардың едәуір бөлігі мас күйде жасалады. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы көптеген құқық бұзушылықтар да спирттік ішімдікпен байланысты.
Алкогольдің зардабы жол қозғалысы қауіпсіздігі саласында да байқалады. Жыл сайын мас жүргізушілердің қатысуымен ондаған жол-көлік оқиғасы тіркеліп, адам шығынына әкеледі.
Сонымен қатар Қазақстанда алкоголь өндірісі мен саудасы ірі нарықтардың бірі саналады. Елдегі сұраныстың басым бөлігі отандық өндірушілер арқылы қамтамасыз етіледі. Әсіресе сыра мен арақ өндірісінде жергілікті компаниялардың үлесі жоғары.
Сарапшылардың пікірінше, алкоголь мәселесін тек шектеулер арқылы шешу қиын. Олар профилактика, тәуелділіктің алдын алу, психологиялық көмек көрсету және халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын күшейту қажет екенін атап өтеді.
Мамандар алкогольдің салдары тек жеке адамның мәселесі емес, тұтас қоғамға әсер ететін фактор екенін айтып, бұл бағытта кешенді шаралар қабылдаудың маңызын алға тартады.