Қазақстандық ата-аналар соңғы уақытта YouTube-тағы қазақ тілінде түсірілетін балаларға арналған арналарға шағымдана бастады. Себебі, ондағы видеолардың мазмұны бүлдіршіндерге мүлде сай келмейді, деп хабарлайды Alash.kz.
Желі қолданушыларының айтуынша, балаларға арналуы тиіс бейнелерде оғаш көріністер мен дөрекі сөздер жиі кездеседі. Кейбір роликтерде кейіпкерлер сыра ішіп мас болғандай кейіп танытып, пранк жасап, балағат сөздер айтады. Тіпті, “Папаң келген соң өлтіреді”, “сен есуас”, “ешак” секілді сөздер балаларға бағытталған бейнелерде ашық қолданылған.
Ата-аналардың бірі қызын бақылап отырып, оның дәл осындай бейнелерді көріп отырғанын байқап қалған.
“Қарап отырсам, қазақ тіліндегі арналарда пранк түсіру көп. Балағат сөздер айтады, кейде ішімдікке қатысты бейнелерді де салады. Балалар үшін бұл қауіпті”, – дейді ол.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Жазбаны көрген желі қолданушылары да бей-жай қалмай, өз пікірлерін білдірді. Бірі: “Ақша үшін не істемейді?!”, енді бірі: “Мұндай контентті жауып тастау керек” деп ашуланды. Тағы бір ата-ана “Сөйлегендері де ерсі. Әр сөзінде ‘ема’, ‘типа’ дегенді қосады. Мен де балама мұндай арналарды көруге рұқсат етпеймін” десе, тағы бірі “Балаларға көруге болмайды, таза қоқыс” деп пікір қалдырды.