Лондон-2012 Олимпиада ойындарының чемпионы, боксшы Серік Сәпиев орынбасарымен болған даулы жағдайға қатысты әлеуметтік желіде өз жауабын берді, деп жазады Alash.kz.
Желіде тараған бейнежазба мен түрлі мағлұматқа жауап ретінде спортшы рингтегі көрсеткішін өмірде, қызметте қолданбайтынын, әрдайым өз ұстанымдарын биік тұтатынын айтты.
Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында тарап жатқан жағдайға байланысты келесіні атап өткім келеді. Мен мемлекеттік қызметші ретінде өз міндеттерімді атқару барысында мемлекеттік қызметшінің әдеп қағидаттарын қатаң сақтаймын. Бала кезімнен бапкерлерім маған рингтен тыс жерде күш қолдануға болмайтынын үйретті. Өз мүмкіндігімді жақсы бағалаймын және әрбір іс-әрекетім үшін жауапкершілік арқалайтынымды толық түсінемін. Сондықтан қандай да бір арандатушылықтарға ермеймін. Мәселе толық қаралып, жабық деп есептеледі.