Мәжілістің VIII шақырылым депутаты Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында жазба жариялап, маңызды мәлімдеме жасады, деп жазады Alash.kz.
Асхат Аймағамбетов өзінің атынан жалған парақшалар ашылып жатқанын ескертіп, халықты сақ болуға шақырды.
“Дәл бір жыл бұрын менің атымнан ашылған жалған аккаунттар мен таратылған жалған ақпарат туралы жазған едім.
Өкінішке қарай, мұндай әрекеттер әлі де тоқтаған жоқ. WhatsApp, TikTok, YouTube және басқа платформаларда жалған парақшалар ашылып, шындыққа сәйкес келмейтін, арандатушылық сипаттағы түрлі ақпарат жарияланып жатыр.
Сондықтан күмәнді парақшаларға, белгісіз хабарламаларға және тексерілмеген ақпаратқа сенбеулеріңізді сұраймын.
Барлық ресми ақпарат тек менің расталған парақшаларымда ғана жарияланады.
Осындай жалған ақпаратты әдейі тарату фактілері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті жұмыс жүргізілетін болады.
Ақпараттық кеңістікте дәлдік пен жауапкершілік бұрынғыдан да маңызды. Сақ болайық”,- деп жазды Асхат Аймағамбетов.