Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі «Әзіл әлемі» әзіл-сықақ театрының бұрынғы әртістері мен өнер иесінің арасындағы қазіргі байланысы туралы айтып, ұжымның не себепті бірге өнер көрсетпейтінін түсіндірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Әлеуметтік желіде оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берген ол театрдың бұрынғы әртістерінің тарап кетуі мен арадағы қаңқу сөздердің негізсіз екенін алға тартып, бұрынғы әріптестердің бір концертте өнер көрсетуі неліктен мүмкін емес екенін былайша түсіндірді:
«7-10 минут оларға аз. Бәрі өз өнерін көрсетіп, сахнада ұзақ тұрғылары келеді. Бәрі 20–30 минуттан тұрса, онда концерт 3-4 сағат болып кетері анық. Сол себепті ол мүмкін емес. Аты жер жарып тұрған мықтыларға нөміріңді қысқарт деп те айта алмайсың. Сондықтан тарап кетті, ойып қалды деп бос әңгіме».
Оның айтуынша, бұрынғы әртістердің әрқайсысы сахнада өзіндік орнын қалыптастырып, жеке аудиториясын жинаған. Қазіргі таңда олар киноға түсіп, «ОНБ» сияқты жобалар арқылы жеке шығармашылығын дамытып жүр. Соған қарамастан, ұжым мүшелері Тұрсынбек Қабатовпен тығыз байланыста.
Бұл ретте ол жігіттердің қазіргі қарым-қатынасы мен өзара сыйластығы жайлы тура мынадай сөздерін жазды:
«Жігіттермен Тұрсынбектің қарым-қатынасы өте жақсы. Араласады. Бәрі әр кез алғысын айтып, концерт қояр алдында мәдениетті түрде алдынан өтіп барып, өздері гастрольге шығып жүр. Неге десеңіздер, қазір ОНБ бар, киноға түсіп жүр, әрқайсысының өзінің мықты энергиясы бар. Баяғыдай емес, енді бір сахнаға сыймайды бәрі».
Сондай-ақ ол әзілкештің бұрынғы әріптестерінің жетістігіне үнемі қуанып отыратынын жеткізді. Оның сөзінше, келешекте «Әзіл әлемі» театрының бұрынғы құрамы бірігіп, үлкен мерекелік кеш ұйымдастыруы ғажап емес:
«Алла жазса, алдағы уақытта үлкен мерейтойлық концерттерін беретіні анық. Біздің жігіттер жетістікке жетіп, жеке концерт берген сайын Тұрсынбектің мақтанып, марқайып отыратыны рас».