Қызылорда облысында Арал теңізінің табиғатын тамашалауға келген шетелдік туристер көліктері батпаққа батып, далада қалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қытай мен Ресейден келген саяхатшылар өңірдің көрікті жерлерін аралау мақсатында теңіз жағалауына бет алған кезінде ойлы-қыырлы әрі батпақты аумаққа тап болған. Көліктері лайдан шыға алмай, әрі қарай жүру мүмкіндігінен айырылған соң, бейтаныс жерде қалған шетелдіктер полицияның «102» арнасына хабарласып, көмек сұраған.

Шақырту бойынша оқиға орнына Арал аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ержан Құлекенов пен табиғат қорғау инспекторы Нұрсұлтан Сағымбаев жедел жеткен. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғындарды тартып, арнайы әрекеттердің арқасында батпаққа батқан автокөліктерді шығарып берді. Нәтижесінде саяхатшылар аман-есен қауіпсіз жерге шығып, жоспарланған бағыттары бойынша сапарларын одан әрі жалғастырды.