Біріккен Араб Әмірліктерінде соңғы күндері жауған толассыз жаңбырдың салдарынан бірқатар қала мен елді мекенді су басты. Билік өкілдері тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырып, су басқан аумақтарға бармауға, қажетсіз жол жүрісті және сапарларды уақытша шектеуге кеңес берді, деп жазады Alash.KZ.

Елдің Ұлттық метеорология орталығы алдағы уақытта да ауа райы тұрақсыз болатынын ескертіп отыр. Болжам бойынша, нөсер жаңбыр жалғасып, желдің күшеюі мүмкін.
Жауын-шашынның ең жоғары көрсеткіші елдің солтүстігінде тіркелген. Khaleej Times дерегінше, Рас-эль-Хаймада 127 мм, Порт-Сакрда 123 мм жаңбыр жауған. Ал Джабаль-ар-Рахба мен Джабаль-Джейстің таулы өңірлерінде тиісінше 117,5 мм және 166,6 мм жауын-шашын түскен.
Шарджа қаласының полициясы өнеркәсіптік аймақта су тасқыны кезінде екі адамның электр тогынан қаза тапқанына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Стихиялық жағдай елдің ірі мегаполистерінің бірі — Дубайға да әсер етті. Қауіпсіздік мақсатында қаладағы саябақтар мен қоғамдық жағажайлар уақытша жабылып, тұрғындар мен қонақтарға сақтық шараларын қатаң ұстану жөнінде ескерту жасалды.