Жамбыл облысында ер адам бұрынғы сүйіктісіне жұмсаған 2,5 млн теңгені сот арқылы қайтармақ болып, бірақ талабын қанағаттандыра алмады деп хабарлайды Alash.KZ.
Бұл іс Қордай аудандық сотында қаралған. Ер адам әйелмен отбасын құру ниетімен 4–5 ай бойы қарым-қатынаста болып, оған және екі баласына қаржылай көмектесіп келген.
Алайда ара-қатынастары үзілген соң, ол жұмсаған қаражатын толық қайтаруды талап еткен. Әйел бұған келіспей, ақшаны қайтарудан бас тартқан, тіпті байланысын үзген. Осыдан кейін ер адам сотқа жүгініп, 2,5 млн теңгені және мемлекеттік бажды өндіріп беруді сұраған.
Сот барысында жауапкер қаражаттың өз еркімен, ешқандай міндеттеме жүктелмей берілгенін айтқан.
Сот та бұл уәжді негізді деп танып, ақшаның қайтарым шартымен берілгені дәлелденбегенін атап өтті. Яғни тараптар арасында ешқандай келісімшарт болмаған әрі қаржы өтеусіз материалдық көмек ретінде ұсынылған.
Осыны ескере отырып, сот талап қоюшының арызын қанағаттандырудан бас тартты.