Ақтау қаласынан шамамен 48 шақырым жерде орналасқан «O'Mir» шипажай қонақүйінің маңында достарымен бірге туған күнін тойлап жүрген 18 жастағы Азамат Дүйсеханов 7 шілде күні күндіз жұмбақ жағдайда жоғалып кетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Бозбала айтулы күні сағат 15:00 шамасында теңіз жағалауында кенеттен көзден ғайып болған және содан бері оның қайда екені туралы ешқандай дерек жоқ. Қазіргі таңда жоғалған азаматты іздестіру шараларына Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен қатар оның туған-туыстары, достары мен жақындары белсенді түрде қатысып жатыр. Сонымен қатар, бұл операцияға Әскери-теңіз күштерінің 5 сүңгуірі мен 1 техникасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ҰҚК Шеккара қызметінің 5 сүңгуірі мен 1 техникасы жұмылдырылды. Тілсіз жаумен күресте жалпы есеппен 53 адам, 6 техника, 3 жүзу құралы, 10 сүңгуір және 8 ұшқышсыз ұшу аппараты іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысуда. Құтқарушылардың мәліметінше, іздеу жүргізіліп жатқан аймақта ауа температурасы +30°C, су температурасы +22°C-ты көрсетіп тұр, күн бұлтты, шығыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 4 метрді құрайды. Қазіргі уақытта ауқымды іздестіру-құтқару операциясы үзіліссіз жалғасып жатыр.
Дегенмен, зардап шеккен отбасы мүшелерінің айтуынша, қазіргі жұмылдырылған күш пен техника көлемі мүлде жеткіліксіз болып отыр. Осыған байланысты туыстары барша жанашыр тұрғындар мен азаматтардан іздеу жұмыстарына қол ұшын созуды өтінеді, әсіресе еріктілердің, дрон операторлары мен жеке қайық иелерінің көмегі аса қажет болып тұр. Сонымен қатар, іздеу салып жатқан отбасы дәл осы 7 шілде күні аталған шипажай қонақүйінің маңында демалған немесе жігіттің қайда екенін анықтауға септігі тиетін қандай да бір ақпарат білетін куәгерлердің табылып, хабарласуын сұрайды.
Уақыттың тығыз екенін алға тартқан жақындары өз мұңдарымен бөлісіп, жағдайдың күрделілігін былай деп жеткізді:
«Әрбір минут маңызды».
Азамат Дүйсехановты іздеуге көмектесе алатын немесе оның орналасқан жері туралы қандай да бір маңызды мәліметке ие азаматтардың мына байланыс телефондары арқылы дереу хабарласуы өтініледі: +7(778) 967-61-23 және +7(775) 985-57-54.