Қазақстанда көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібіне бірқатар маңызды түзетулер енгізілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жаңа ережелерге сәйкес, мемлекеттік қызметтерді алу үдерісі анағұрлым жеңілдетіліп, артық бюрократиялық рәсімдер алынып тасталды. Алдағы уақытта көлігін қайта жабдықтаған азаматтарға оны бөлек тексеруден өткізудің қажеті болмайды, енгізілген өзгерістің қауіпсіздігін растайтын тиісті құжаттың болуы жеткілікті.
Сонымен қатар, емтихан қайта тапсыру мерзімдері мен жүйесі қайта қаралды. Егер талапкер сынактан бірінші рет өтпей қалса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыруына мүмкіндік беріледі. Екінші рет те сәтсіз болған жағдайда, дайындыққа 10 күн бөлінеді. Теориялық немесе практикалық сипаттағы емтиханнан үш рет өте алмаған азаматтар үшін кейінгі сынақтар ақылы болады. Сондай-ақ, теориялық емтиханды сәтті тапсырып, тек практикадан құлаған жағдайда, теорияның нәтижесі сақталып қалады.
Сондай-ақ шетелдік жүргізуші куәліктерін қазақстандық үлгіге ауыстыру тәртібі де қатаңдатылды. Енді бұл үшін алдымен теориялық емтихан тапсыру міндеттеледі, содан соң уәкілетті орган құжатты берген елге ресми сұрау жіберіп, оның түпнұсқа екенін растағаннан кейін ғана куәлік ауыстырылады.
Енгізіліп жатқан реформалардың басты мақсаты туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова:
«Құрметті азаматтар! Ішкі істер министрлігі көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру қағидаларына өзгерістер әзірледі. Мақсатымыз - мемлекеттік қызметтерді алуды жеңіл әрі жылдам ету. Артық рәсімдер алынып тасталды... Бұл - жалған құжаттардан қорғау шаралары. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз!», — деп түсіндірді.