Астана төріндегі Музыкалық жас көрермен театрының шымылдығы бұл жолы өзгеше бір тыныспен түрілді. Драматург Рахымжан Отарбаевтың қаламынан туған «Ақ мұнар» шығармасы режиссер Нұрлыгүл Ғалымжанқызының қолтаңбасымен сахналанып, көрерменін сұрапыл аяздың ызғарымен де, адам жанының терең иірімдерімен де сиқырлап баурап алды. Бұл — жай ғана сахналық драма емес, ақ мұнарға оранған шексіздікте ар-ождан мен өмір сүру инстинкты бетпе-бет келген рухани майдан.
Ызғарлы кеңістік және қос тағдыр
Қойылым шымылдығы ашылғаннан-ақ көрермен өзін Янракыннат мекеніне бет алған қос эскимос — Айнан мен Емронның қасында жүргендей сезінеді. Ысқырына соққан ақтүтек боран, адасқан сорап және шана сүйреген иттердің жетекшісі — Ақ иттің ажал құшуы. Осы бір үрейлі сурет кейіпкерлерді де, залдағы көрерменді де үлкен сынақтың табалдырығына алып келеді.
Өлім төніп, тіршілік шырағы өше бастағанда екі жолаушының ішкі болмысы айқара ашылады. Емронның ұсынғаны — аман қалудың қатал да суық қисыны. Ол тірі қалған иттерді құтқару үшін өлген Ақ итті азық етуді жөн көреді. Ал Айнан үшін бұл — жай ғана иттің өлігі емес, бірге соққан жүрек, адал серік, адамдықтың соңғы қорғаны. Айнанның Ақ итті арулап жерлемейінше, не ағаш басына байламайынша адым аттамаймын деуі — құр қисық мінез емес, бойындағы адамгершілік нәрін сұрапыл заманның аязына үсітіп алмауға деген жанталасы.
Сахнадағы Оразалы Игілік (Айнан) мен Мұхамедсаид Бағашаровтың (Емрон) актерлік ойыны бірін-бірі толықтырып, қос дүниетанымның қақтығысын өте шынайы жеткізді. Олардың диалогі — өмір мен өлімнің, суық ақыл мен жылы жүректің абыржыған арпалысы.
Сөзсіз жеткен сурет: пластика мен метафора
Режиссер Нұрлыгүл Ғалымжанқызы қойылымның көркемдік тілін тек сөзге байлап қоймай, оны кескін мен қозғалыстың, дыбыс пен жарықтың тұтас симфониясына айналдырған. Іңкәр Кәрімованың сахналық безендірілуі мен Ақерке Авезханова әзірлеген костюмдер Солтүстіктің шыңылтыр аязын көзге ұрады. Осман Абайдәлдінің музыкалық әрлеуі мен Асылбек Оспановтың жарық шешімдері оқиғаның шиеленісін шегіне жеткізе түседі.
Айгүл Амандықованың балетмейстерлік ізденісі арқылы жан біткен Ақ ит (Ілияс Өтетілеу), Қызыл ит (Айдос Дүйісбай), Өжет (Бибол Байғараев), Салпаңқұлақ (Алмаз Әбденов) және Түлкі (Аяжан Бағдат) бейнелері таңғалдырмай қоймайды. Мұндағы кейіпкерлер жай жануардың қимылын қайталап қана қоймай, адам бойындағы бұғып жатқан бейсаналық сезімдер мен ішкі арпалыстың пластикалық суретін салды.
Сахнадағы Қарағайлар, Қара әйел мен Матрошка бейнелері де спектакльге мифологиялық, әфсаналық астар дарытып, оқиғаның ауқымын кеңейте түскен.
Ақ мұнардан арна тартқан ой
«Ақ мұнар» — уақыт пен кеңістікке бағынбайтын мәңгілік сауалдардың жиынтығы. Сахнадағы эскимостардың тағдыры арқылы бүгінгі қоғамның да ішкі бейнесі көрініс табады. Күнделікті күйбең тіршіліктің, бәсеке мен күнкөрістің "борандарында" жүріп, бойымыздағы мейірім мен асыл қасиеттерді қай жерде көміп қалдырдық? Адамды аңнан айырып тұрған ар-ождан таразысы қай сәтте қисайды?
Бір жарым сағатқа созылған спектакль аяқталғанда, залда біразға дейін шынайы үнсіздік орнады. Бұл — көрерменнің көркем өнердің сиқырына арбалып, өзімен-өзі оңаша қалған сәті еді.