Ақтөбе облысында үш адамның, оның ішінде 10 және 6 жастағы екі баланың өліміне әкеп соққан жарылысқа байланысты жанармай бекетінің иесіне сот үкімі шықты, деп жазады Alah.kz.
Кәсіпкер төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Қайғылы оқиға кезінде жас ана мен оның екі қызы көлік ішінде болған.
Қайғылы жағдай 19 маусымға қараған түні болған. Ақтөбедегі жанармай бекеттерінің бірінде газ баллоны жарылып, көлік отқа оранған. Өрт сөндірілгеннен кейін автокөліктің ішінен әйел мен оның 10 және 6 жастағы қыздарының мәйіті табылды. Сонымен қатар марқұмдардың тағы бір туысы денесінің 45 пайызын күйік шалып, жарақат алған.
Басылымның мәліметінше, отбасы сол күні кешке сауда жасау үшін қалаға келген. Жолай үйдегі жазғы асүйге пайдаланатын газ баллонын толтыруды шешкен. Алайда бұл сапар қайғылы жағдаймен аяқталды.
Тергеу барысында жанармай бекетінде сол күні уақытша жұмыс істеген оператордың болғаны анықталған. 20 жастағы жігіт кейін жұмыс орнынан кетіп, орнына 18 жастағы інісін қалдырған.
Қайтыс болған әйелдің күйеуінің айтуынша, газ баллоны көліктің жүксалғышынан шығарылмаған. Қызметкер тек газ құюға арналған шлангіні баллонға жалғаған. Әдетте көлемі 30 литр болатын баллонға 29 литр газ құйылатын. Бірақ сол жолы есептегіш көрсеткіші 40 литрден асып кеткен.
Мұны байқаған ер адам операторға газ беруді тоқтатуды талап етіп, айқайлаған. Алайда қызметкер шұғыл тоқтатуға арналған «Стоп» батырмасын таба алмаған. Артынша жарылыс болып, көлік өртенген.
Оқиға кезінде көшеде жүрген отағасы бастапқыда әйелі мен балалары дәретханаға шығып кеткен болуы мүмкін деп ойлаған. Кейін сот барысында ол бекет иесін кешіргенін айтқан.
Іс материалдарына сәйкес, 20 жастағы оператор жұмыс туралы хабарландыруды мессенджерден көріп, бір күнде 15 мың теңге табуды көздеген. Алайда кешке жұмыстан кетуге мәжбүр болғандықтан, орнына кәмелетке толған 18 жастағы інісін қалдырған.
Сот отырысында жанармай бекетінің иесі кінәсін толық мойындаған. Ол жәбірленушілерге келтірілген материалдық және моральдық шығынды өтегенін айтып, жасаған ісі үшін кешірім сұраған. Сондай-ақ соттан жаза тағайындау кезінде осы мән-жайларды ескеруді өтінген.
Кәсіпкер бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін және бұрын заң бұзбағанын жеткізген. Оның асырауында кәмелетке толмаған ұлы мен жоғары оқу орнында білім алып жүрген қызы бар.
Сот істің мән-жайын қарастырып, жанармай бекетінің иесін төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.