АҚШ президенті Дональд Трамп ел аумағында дүниеге келген балаларға азаматтық беру тәртібін шектеуге бағытталған екі жарлыққа қол қойды, деп жазады Alash.kz.
Бірінші құжатқа сәйкес, АҚШ-та туғанына қарамастан, кейбір балаларға азаматтық берілмейді. Олардың қатарына шетелдік үкіметтердің қызметкерлерінің балалары, ата-анасы азаматтық алу кезінде алаяқтық жасаған деп танылған отбасылардың балалары және «жау мемлекеттердің азаматтары» санатына жатқызылған адамдардың балалары кіреді.
Екінші жарлық АҚШ-қа жүкті әйелдердің бала туу мақсатында арнайы келуіне, яғни «босану туризміне» қарсы бағытталған. Мұндай жағдайда баланың АҚШ азаматтығын автоматты түрде алу мүмкіндігін шектеу көзделіп отыр.
Трамп әкімшілігі бұл шараларды елдің көші-қон саясатын күшейту және азаматтық алу жүйесіндегі заңсыз әрекеттердің алдын алу қажеттігімен байланыстырып отыр.
Алайда АҚШ-та туған әрбір балаға азаматтық беру құқығы ел Конституциясының 14-түзетуінде қарастырылған. Сондықтан президенттің бұл жарлықтары қоғамда және заңгерлер арасында пікірталас туғызып, сотта даулы мәселеге айналуы мүмкін.