Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев АҚШ-та көз жұмған отандасымыз Әсет Құралбайдың денесі елге жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме беріп.
«25 маусым күні марқұмның мәйіті Қазақстан аумағына жеткізілді. Оны тасымалдау процесіне біздің Нью-Йорктегі Бас консулдығымыз тікелей араласып, барлық қажетті құқықтық әрі консулдық көмекті толық көлемде көрсетті», - деп атап өтті СІМ өкілі баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, маусым айының басында 24 жастағы Әсет Құралбайдың туыстары жігіттің хабар-ошарсыз кеткенінін айтып, дабыл қақты. Кейінірек жергілікті тәртіп сақшылары оның көлігін тапты. АҚШ-та жоғалған отандасымызға ресми түрде іздеу жарияланды. Көп ұзамай СІМ шетелде ер адамның мәйіті табылғанын, оның Қазақстан азаматы болуы мүмкін екенін хабарлады. Алайда нақты ақпарат тек тиісті сараптамалар мен тексерістерден кейін белгілі болатыны айтылды.
Келесі күні СІМ сараптама қорытындысына сүйене отырып, табылған дене расымен де Әсет Құралбайға тиесілі екенін ресми түрде растады.