Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесіне қатысты ресми жауап беріп, екі ел арасында ешқандай диалог жүріп жатпағанын кесіп айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Иран басшысының пайымдауынша, Вашингтон тарапынан айтылған мұндай сөздер белгілі бір саяси және экономикалық мақсаттарды көздейді.
Пезешкиан соңғы уақытта Иранның сыртқы байланыстары тек Таяу Шығыс аймағындағы серіктестерімен шектелетінін нақтылады. Атап айтқанда, Ормуз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мәселесі бойынша Оман мемлекетімен ашық кеңесулер жүргізілуде. Президенттің айтуынша, бұл байланыстар халықаралық құқық шеңберінде және жария түрде жүзеге асып жатыр.
Иран президенті қалыптасқан жағдайға байланысты өз ұстанымын былайша жеткізді:
«АҚШ президентінің айтқандары энергия ресурстарының бағасын төмендетуге және өзінің әскери жоспарларын іске асыру үшін уақыт ұтуға бағытталған әрекеттер аясында айтылып жатыр. Бұл байланыстар ашық түрде жүруде, Тегеран мен Вашингтон арасында ешқандай құпия келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ».
Сонымен қатар Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) өкілдері де бұл мәселеге қатысты қатаң ұстаным білдіріп, Америка Құрама Штаттарымен арада келіссөздердің болмағанын және болашақта да жоспарланбайтынын мәлімдеді.