Apple компаниясының алғашқы бүктемелі смартфоны — iPhone Duo Қазақстан нарығына шығып, оның бағасы әлемнің ірі елдерімен салыстырғанда едәуір жоғары болып шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Еліміздегі Apple компаниясының ресми өкілі «Freedom Электроника» 23 қазаннан бастап жаңа модельге алдын ала тапсырыс қабылдауды бастады. Ал гаджеттерді дүкендерде еркін сату 30 қазанға жоспарланған. Смартфонның бағасы ішкі жад көлеміне байланысты өзгереді. Ал ең арзан нұсқасы мен ең жоғары жинақталымы арасындағы алшақтық 874 мың теңгені құрайды.
Атап айтқанда, 256 ГБ жады бар базалық нұсқа 1 399 990 теңгеге бағаланса, 512 ГБ нұсқасы 1 564 990 теңге тұрады. Ал сыйымдылығы 1 ТБ модель 1 847 990 теңгеге жетсе, ең жоғарғы 2 ТБ жады бар смартфон 2 273 990 теңгеден сатылуда.
Бұл көрсеткіштер АҚШ-тағы бағадан әлдеқайда жоғары. Америкада iPhone Duo смартфонының бастапқы бағасы 1 999 долларды құрайды, бұл 1 долларға шамамен 455 теңге бағамымен есептегенде 910 мың теңге төңірегінде. Осылайша, дәл сол 256 ГБ нұсқа үшін қазақстандықтар америкалықтарға қарағанда дерлік 490 мың теңгеге артық төлеуге мәжбүр, ал баға айырмашылығы 54 пайызға жетеді.
Visual Capitalist халықаралық сараптама орталығының деректері де бұл айырмашылықты айқын көрсетеді. Әлемдік нарықта базалық нұсқаның құны АҚШ-та 1 999 доллар болса, Канадада — 2 216 доллар, Жапонияда — 2 319 доллар, Қытайда — 2 382 доллар, ал Германияда — 2 607 доллар. Егер Қазақстандағы 1,4 миллион теңгелік бағаны долларға шақсақ, шамамен 3 076 доллар шығады. Бұл аталған барлық мемлекеттердегі құннан әлдеқайда қымбат.
Дегенмен, мұндай баға алшақтығын талдау кезінде әр елдің жергілікті салық саясатын, валюта бағамдарын, логистикалық шығындар мен импорттық кедендік төлемдерді де ескеру қажет. Әсіресе АҚШ-тағы бөлшек сауда бағасының дәстүрлі түрде сату салығынсыз (tax) көрсетілетіні де осы айырмашылыққа әсер ететін факторлардың бірі болып табылады.