Продюсер, әнші Мөлдір Мұқан отбасындағы қуанышты жаңалығын бөлісті, деп жазады Alash.kz.
Өнер иесі үлкен қызы Әдемінің жоғары оқу орнын тәмәмдап, диплом алуын, екінші қызы Айымның мектеп бітіруін және кенже ұлы Райымбектің сүндет тойын атап өту үшін жақындарының басын қосып, дүркіретіп той жасады.
Мерекелік кешке Мөлдір Мұқанның туған-туыстары, өнердегі әріптестері мен жақын достары қатысты.
Қуанышқа ортақтасқан әншінің әпкесі Айнұр Мұқанова желідегі парақшасында жүрекжарды жазба жариялап, сіңлісіне ақ тілегін арнады.
“Қаншама абзал, жақсы жандардың тойда бір уақытта жинала қалуы Мөлдірдің абыройының белгісі.
Барлық қатысқан жандарға мың мың алғыс, әр басқан қадамдарыңызға гүл бітсін. Әсіресе көш басында тұрған Қыдырәлі Болман ағамыз бен Қарақат Әбілдина Мөлдірді құшақтарыңызға алып, еркелеткен мың көңілдеріңізден айналдық. Түлкібай деп әкелеріміздің аты сіздердің ауыздарыңыздан аталған сайын бақыттан басымыз айналды.
“Аққа Құдай жақ” дейді. Мөлдірдің қаншама жыл жүрегі қан жылады. Сол жүрегі енді тек қуанышқа соқсын деп тілейміз. Балалары тек қана жақсылықтарымен қуанта берсін.
Отбасылық құндылықтар дәріптеле берсін. Әрқашан АДАМ болайық”,- деп жазды Айнұр Мұқанова.