Ақмола облысының Біржан сал ауданындағы Кеңащы ауылында үш ай бұрын жоғалып кеткен 31 жастағы Айжалғас Қайруллин әлі күнге дейін табылған жоқ. Көпбалалы әкенің жақындары тергеу жұмыстарының барысына көңілдері толмайтынын айтып, нақты жауаптардың жоқтығына алаңдаулы, деп жазады Alash.KZ сайты Orda.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Айжалғас Қайруллин 21 қазан күні кешкі уақытта үйінен шығып кеткеннен кейін байланысқа шықпаған. Сол күннен бері ол туралы ешқандай нақты дерек жоқ. Анасы Бақшагүл Дайырованың айтуынша, сол кеште ұлын көршісі Азамат үйінен шақырып алып кеткен.
— Кешке қарай көршіміз келіп, баламды үйден алып кетті. Айтуынша, дүкенге барып, кейін мал қорасына соғамыз деген. Содан кейін балам қайта оралмады. Азаматтың үйіне барып сұрағанда, оның мас екенін айтты. Кейін өзінен сұрағанымда: «Айжалғас қоста қалды, мен неге оны іздеуім керек?» деді. Сол кеткеннен балам жоқ, — дейді анасы.
Оның сөзінше, көршісінің 19 жастағы ұлы сол түні Айжалғасты түн ортасында көргенін айтқан. Алайда кейін бұл мәлімдемеден бас тартқан.
— Алғашында «Көкшетаудан келе жатқанда көрдім, ол әкемді сұрады» деді. Бірақ полицияда бәрін «түсімде көрдім» деп өзгертіп жіберді. Біз көршімізден жамандық күтпедік. Ішімдікке әуестігі бар, бірақ ауылда көпке көмектесіп жүретін адам еді, — дейді Бақшагүл Дайырова.
Анасы көршісінің сөзіне сеніп, баласы өздігінен қайтып келер деген үмітпен полицияға бірден емес, бірнеше күннен кейін ғана арызданған. Ал көрші Азаматтың айтуынша, Айжалғас жолда көліктен түсіп қалып, ауылға қарай жаяу кеткен. Алайда сол түні басқа бір ауыл тұрғыны қоста Азаматтың бейтаныс малшымен бірге ішімдік ішіп отырғанын көргенін, олардың жанында Айжалғас болмағанын айтқан.
— Барлығы небәрі екі сағаттың ішінде болды. Бірі қоста қалды дейді, бірі жолда түсіп кетті дейді, ал баласы түнде көрдім дейді. Бірақ ешқайсысы нақты емес. Тергеу басында қозғалғандай көрінгенімен, іс алға жылжымай тұр. Көршіні тек мас күйінде көлік жүргізгені үшін ғана екі рет әкімшілік жауапқа тартты. Қазір ол өз үйінде жүр, — дейді анасы.
Туыстарының айтуынша, Айжалғас тыныш мінезді, ешкіммен жанжалдаспайтын адам болған.
— Қайда барса да айтатын. Кенеттен жоғалып кететін адам емес. Әртүрлі адамдарға да бардық, бірі «алыста» деді, бірі «сол күні абайсызда қаза тапқан» деп болжады. Мен ешкімді жазғырып отырған жоқпын. Бірақ ол – менің жалғыз ұлым. Егер тірі болса, біреу алып кеткен болса, қайтарыңыздар, — дейді анасы көз жасын тыя алмай.
Бақшагүл Дайырова ұлын тірі табуға көмектескен адамға кез келген сұрағанын беруге дайын екенін айтады. Ал туысы Бауыржан Дайыровтың пікірінше, Айжалғастың адасып кетуі мүмкін емес.
— Ауыл ашық жерде орналасқан, айналасында орман жоқ. Түнде де көше жарығы бар. Біз барлық аумақты қарап шықтық, көлдерді тексердік. Бірде-бір із табылған жоқ. Полиция күдікті жоқ дейді, тек іздеу жүріп жатыр деп жауап береді, — деді ол.
Айжалғас Қайруллиннің артында жеті баласы қалды. Үлкені бастауыш сыныпта оқиды, кенжесі бір жасқа да толмаған. Жоғалардан бір ай бұрын ғана отбасында бесік той өткен. Бұған дейін оның үйден ескертусіз кетуі немесе жанжалға араласуы тіркелмеген.