Айтыскер ақын, қоғам қайраткері Шолпан Қыдырниязова 76 жасқа қараған шағында дүниеде салды, деп хабарлайды Alash.kz порталы.
Қаралы хабар жайлы журналист Бауыржан Ғұбайдуллин жазды:
"Айтулы айтыс ақыны, танымал тұлға Қыдырниязова Шолпан апай өмірден озды, дүние салды" деген қаралы хабар тарауда. Шуақты жан еді... Отағасы Шоқан ағайға, марқұмның перзенттері мен ағайын-туысына, Жайық жұртына Ақ Жайық ақын-жазушыларының атынан қайғыға ортақтасып, көңіл айтамын.
БҚО халық шығармашылығы орталығынан мәлім еткеніндей, Шолпан Қыдырниязова 1949 жылы 6 мамырда Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылында дүниеге келген.
Шолпан Батырқызы 1967-1971 жылдары Орал педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығын алды. Еңбек жолын Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» газетінде бастап, кейін мұғалім, мектеп директорының орынбасары, аудандық кеңесте түрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 2004-2008 жылдары Батыс Қазақстан облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып, мемлекеттік тіл мен ономастика саласының дамуына үлес қосты. 1980 жылы республикалық ақындар айтысында жеңіске жетіп, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. Қаратөбе ауданында «Жас ақындар» мектебін ұйымдастырып, бірнеше жыр жинақтарын шығарды. «Құрмет» ордені мен бірнеше медальдің иегері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы.