Өзбекстанда 50 жылдан астам уақыт қолданыста болған автокөліктерді тізгіндеуге тыйым салынды. Шектеу тек жеңіл көліктерге ғана емес, арнайы техника түрлеріне де қатысты. Тиісті талап 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Ережеге сәйкес, қолдану мерзімі 50 жылдан асқан барлық көлік құралдары мемлекеттік тіркеуден шығарылуға тиіс.
Сонымен қатар, сирек кездесетін және тарихи маңызы бар автокөліктер үшін арнайы мәртебе енгізіледі. Егер көлік техникалық тұрғыда жақсы күйде болып, түпнұсқа бөлшектері сақталған болса, оған «антикварлық» санат беріледі.
Мұндай көліктерді көрмелер мен парадтарға қатыстыруға рұқсат етіледі, алайда күнделікті жол қозғалысына пайдалануға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, билік антикварлық көліктерге, аса ауыр жүк көліктеріне, карьерлік техникаға және маршруттық таксилерге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің арнайы серияларын енгізуді жоспарлап отыр.