Қазақстандық саяхатшы Сайора Қарабаева жұбайымен бірге Антарктида құрлығына бағытталған ғылыми-экспедициялық сапарға қатысты, деп хабарлайды Alash.kz.
Экспедиция бағдарламасы аясында қатысушылар мұзды материктің фаунасын зерттеп, ғалымдардың арнайы дәрістеріне қатысуға мүмкіндік алған. Сапардың құны қызмет көрсету деңгейіне байланысты 8 мыңнан 25 мың АҚШ долларына дейінгі аралықты құраған.
Саяхатшы полярлық күн жағдайындағы бейімделу қиындықтарына қарамастан, табиғатпен етене танысудың маңызын атап өтті.
Сайора Қарабаева өз әсерімен бөлісе отырып: «Адам әлемге мүлде басқа көзбен қарай бастайды, табиғатты бағалайды және өзіңді бұл дүниенің қожайыны емес, тек қонағы екеніңді түсінесің», - деді. Ол Антарктида табиғатының ерекшелігі мен жабайы жануарлар әлемін бақылаудың адам дүниетанымына тигізер әсері зор екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар, саяхатшы шетелдік азаматтармен араласу барысында отандық туризм нарығындағы өзекті мәселелерге назар аударған. Шетелдіктердің Қазақстанға келуге деген зор қызығушылығына қарамастан, турларды брондаудың қарапайым тетіктерінің жоқтығын сынға алды.
Ол өз сөзінде: «Біз Қазақстанның брендіне көп қаржы құямыз, елді танытқымыз келеді, бірақ іс жүзінде адам Booking секілді платформаға кіріп, турды оңай брондап, жолға шығатындай қарапайым тетік жоқ», - деп отандық туроператорларды заманауи технологиялық шешімдерді енгізуге шақырды.