Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ән емес… Өшіріп тастаймын…»: Алтынбек Қоразбаев жас әншілерді ауыр сынап тастады (ВИДЕО)

15:40, 01 қазан 2026

Белгілі әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев «Кешкі Алматы» бағдарламасында қонақта болып, бүгінгі жастар арасында хит болып жүрген бірнеше әнді тыңдап, өз бағасын берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Бағдарлама барысында өнер иесіне ең алдымен Alem лақап атымен танымал әншінің «Күйім» туындысы ұсынылды. Алайда композитор бұл әннің мәтінін қатты сынға алып, 5 балдық жүйемен 2 деген баға қойды.

«Мынаның сөзі сөз емес қой, тегі. Мен мұндай әнді радиодан естіп қалсам, өшіріп тастаймын. Мен әннің сөзіне мән беріп тыңдаймын. Әннің сөзі мен әуені қатар жүруі керек», — деді А. Қоразбаев.

Бұдан кейін халық әртісі Yenlik-тің орындауындағы «Мейлі» әнін тыңдап, жоғары баға бергенімен, жанрлық ерекшелігіне қатысты өз ойын білдірді.

«Бұл әнге бес деген баға қояйын. Бірақ бұл қазақы ән емес. Өйткені рэп әзірге қазақтың қанына сіңбей жатыр», — деді ол.

Сонымен қатар хитмен Kalifarniya-ның «Hello» әні де композитордың көңілінен шықпай, 3 деген бағаға ие болды. Алтынбек Қоразбаев туындыға қатысты:

 «Қазақы иіс көріп тұрған жоқпын», — деп қысқа қайырды.

Ал бағдарламада шырқалған жас әнші Садраддиннің «Melodrama» әні ғана композитордың көңілінен шығып, оң бағасын алды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар