АҚШ Әскери-әуе күштері Иранның әскери инфрақұрылымына кезекті әуе соққыларын жасады. Вашингтон бұл операцияның Таяу Шығыстағы коммерциялық кемелерге жасалған шабуылдарға жауап ретінде жүргізілгенін мәлімдеді, Alash.kz.
АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, шабуыл барысында Иранның бірнеше маңызды әскери нысаны жойылған. Олардың қатарында әскери барлау және байланыс жүйелері, әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары, ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған қоймалар және теңіз миналарын жасауға арналған жабдықтар бар.
Сондай-ақ CENTCOM бұған дейін Иранға тиесілі дрон Панама туымен жүзіп бара жатқан M/T Kiku мұнай танкеріне соққы жасағанын хабарлады. Кеменің бортында 2 миллион баррельден астам мұнай болған.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан Сингапур туындағы Ever Lovely контейнерлік кемесіне қарсы кемінде төрт дрон қолданғанын мәлімдеген еді.
Әзірге Иран билігі АҚШ-тың бұл әуе шабуылдарына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.