Белгілі этнограф Серік Ерғали Наурыз мейрамы 14 наурыз – қазақтың шынайы Жаңа жылы екенін айтып, қазіргі Наурыз мейрамы туралы түсініктің дұрыс емес екенін жеткізді, деп хабарлайды, Alash.kz ұлттық порталы todayinfo.kz порталына сілтеп.
«Бұрын март айын наурыз деп атамаған»
Этнографтың айтуынша, наурыз атауы тек 1988 жылдан бастап ресми түрде қолданыла бастаған. Оған дейін қазақ халқы март айын «Амал» деп атаған.
«Амал келді – жыл келді» деген сөз осыдан шыққан.
14 наурыздан бастап көрісу дәстүрі арқылы халық жаңа жылды қарсы алған.«Амал деген мереке жоқ, болған емес. Қазір мәдениет министрлігі оны 14 наурызды «Амал мерекесі» деп бекітті. Бірақ мерекенің ішінде мереке бола ма?» – дейді Серік Ерғали.
Көрісу – қазаққа ортақ дәстүр. Этнограф көрісу тек батыс өңіріне ғана тән емес, барлық қазаққа ортақ дәстүр екенін атап өтті.
Шәкәрім Құдайбердіұлы өз ұлы Ахатқа жазған хатында «14 наурыз – қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні» екенін жазып кеткен. Абайдың «Жаз» өлеңінде де көрісу мен құшақтасу туралы айтылған. Қазақтың көптеген жазбаларында көрісу дәстүрінің бар екені дәлелденген.
«Қазақтың барлық саналы адамдары көрісу туралы жазған. Бұл бір өңірге тән дәстүр емес. Біз қазақты бөлмеуіміз керек», – дейді этнограф.